Қазақстанда адам ағзасын саудалаған әйел Польшада ұсталды

Польша құқық қорғау органдары ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша 35 жастағы әйелді Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде ұстады.
Халықаралық іздеуде жүрген
Аталған күдікті 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол адам ағзаларын заңсыз сатумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың құрамында болған.
2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған.
Қылмыстық схемаға бірнеше елдің азаматтары тартылған
Тергеу барысында Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтарының қылмысқа қатысы бары анықталды. Күдіктінің міндетіне:
🔹 Донорлар мен реципиенттерді қабылдау және орналастыру,
🔹 Медициналық тексерістен өткізуді ұйымдастыру,
🔹 Шығындарды өтеу және құпиялылықты сақтау,
🔹 Донорларға жалған құжаттар арқылы реципиентпен туыстық байланысы бар екенін дәлелдеуді үйрету кірген.
Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.