Қазақстанның келесі президенті әйел бола ма?

0
823

«Келесі президент кім болады?Шенеуніктің бәрінде халықпен контакттасудың машығы бар ма?» деп жазады журналист Ораз ӘЛІМБЕКОВ Facebook  парақшасында. 

«Журналист Samal Ibrayeva мына суретті жариялап, кімнің келесі президент болатынын «қорықпай жаза отырыңыздар» деп «білгіштерден» пікір сұрапты. Пікір айтпас бұрын, екі позициялы шартты айтайын.

Егер Путиннің қалауына салсақ, мыналардың кез келгенін президент тағына отыра алды. Тіпті, теріскейден самал жел ессе, Самалдың өзі де қазаққа хан болып кетуі ғажап емес…» деген Ораз Әлімбеков: «Егер халықтың қалауына салсақ, онда мынау суреттегілердің ішінен Қанат Бозымбаевтың ғана президент болуға шансы бар» дейді.

«Неге? Себебі, Қ.Бозымбаев әкім болған. Бір ғана емес, бірнеше облыстың әкімі болды. Назарбаев құрған саяси жүйеде халықпен тікелей контакт жасайтын әкімдер ғана. «Әкім бол – халыққа жақын бол». Ал мынау суреттегі Бозымбаевтан басқасы кабинетінен шықпаған, алаң жұрттың бетін көрмеген шенеуніктер.

Оларды қара халық танымайды да. Әрине, әкімнің де халыққа жақыны, яғни, халықпен тікелей контакттаса алатыны және контакттасу машығындай жұрдайы болады. Мысалы, Досаев деген алып шаһарды басқарып тұр.

Ол қала тұрғындарын менсінбей «Мен президенттің алдында ғана есеп беремін» деп кергігені естеріңде ме, достар. Себебі, ол көп жыл министр болып, кабинеттен шықпай, халықпен бетпе-бет келудің машығын меңгермей жаман әдет алып кеткен»,- дей келе журналист Қ.Бозымбаевты халық жаппай ұната бермейтінін де алға тартады.

«Одан да халыққа жақын болып көрінгісі келіп жақсы іс тындырған әкімдер бар. Мысалы, шетелде жүрген Бергей Рысқалиевті әліге шейін батыс облыстардың халқы түгел аңсап отыр. Бауыржан Байбекті де алматылықтар жылы лебізбен, сағынышпен еске алады және т.б.с.с.

«Қазіргі перезидент парламентті, үкіметті басқарған ғой, сонда суреттегі қазіргі премьер мен спикердің ел басқаруға шансы жоқ па?!» дейтіндер бар. Бұл сұраққа айтар жауабым мынау: 2019 жылы президент тағына отырған Тоқаев кемі екі жағдайда – Арыстағы жарылыс және Қаңтар оқиғасында халықпен дұрыс контакттаса алмады. Соның салдары қандай болғанын бәріміз білеміз. Сол кезеңде оңтүтүстік-шығыстағы ашулы алаң жұрттың алдына қорықпай шыққан әкім Бозымбаев еді ғой. Мейлі, ашуға булығып аузынан боқтық сөз шығып кеткен шығар, бірақ толқыған халықты тоқтатты ғой осы Бозымбаев. Себебі ол халықпен контакттасудың машығын меңгерген шенеунік.

Арыстағы жарылыстан тоз-тоз болып қашқан халық ашу-ызамен Шымкенттегі «Нұр Отан» партиясының туын құлатқанда да ашынған жұрттың пәпігін Бауыржан Байбек барып басып еді… Тіпті ол туды жыққан арыстық жігітті жазалатпады, дауды ың-шыңсыз бітірді. Мұндай мысал көп. Сондықтан, егер халықтың қалауына салсақ, халық өзіне жақын болған адамды президент етіп сайлауға тырысады, бірақ біздегі саяси жағдай ондай емес қой…», — деп ойын түйіндепті журналист.

Журналистің бұл жазбасына пікір білдіргендердің бірі «Қазақстанның келесі президенті әйел адам болады» дейді. Енді бірі суреттегі адамдардың ешбірі президент болмайды дегенді айтады.

Сіз қалай ойлайсыз, келесі президент кім болуы мүмкін?

Фото ашық дереккөзден алынды.