Кез келген еркек құдай болғысы келеді

0
581

Төмендегі жазбаны оқып, санасында саңылау бар адам ойланар, есін жинар деген үміттеміз.

7-8 жасар қызды қымтауды бастайды. Неге? Басқа еркектер көз салып, зорлап кетуі мүмкін деп қорқады.

Қыздардың үйден шығуына қатаң тыйым салынған. Ойыншықпен ойнауға да болмайды (шайтанның ісі саналады).

Кішкентай баланы зорлау (педофилизм) кең тараған. Ондай жабайы әрекет күнә саналмайды.

Қыздарды 12-13 жасынан күйеуге беру үрдісі кең жайылған. Себебі дінде солай делінген.

Жеткілікті түрде білім алмайды. Кей жерлерде қыздың білім алуына қатаң тыйым салынған. Әрі кетсе, медреседе оқи алады.

Кей жерлерде қыздарды да “сүндеттеу” сұмдықтары бар. Қыздарды болашақ күйеуіне қызмет етуші ретінде үйретіп, тәрбиелейді.

“Намыс” деген желеумен қызды қатаң бақылауда ұстайды. Қыздың қалаған уақытында жарқылдап күлуіне, дауыстап сөйлеуіне болмайды.

Сонымен қатар қыз-келіншектер әрбір киетін киіміне қатаң мән беруі керек. Қыз тұрмыс құрғанша, әкесі, ағасының тіпті інісінің айтқанын бұлжытпай орындауға тиіс.

Әйел күйеуге шыққан соң нағыз “жұмақ” өмірі басталады. Күйеуі не айтады — сол заң! Күйеуінің сүйікті тамағын әзірлеуден бастап, күйеуі екінші әйелді үйге әкелсе де, жақ ашып, қарсылық білдіре алмайды.

Киім мәселесі де өзгермейді. Күйеуі қызғанбасын деген мақсатта тұмшаланып жүруге мәжбүр.

Қалаған тамағын жей алмайды. Қалаған жеріне бара алмайды. Күйеуінің хабарынсыз үйден аттап басып шықпайды. Бүкіл міндеті — үй тірлігі мен тоқтаусыз бала табу. Неге?

Себебі әйелдің неғұрлым баласы көп болса, соғұрлым күйеуіне еріксіз байланады. Өйткені не білімі жоқ, не танысы жоқ көр қараңғы санадағы мұндай әйелді еркек өзінің жеке құлы ретінде ұстайды.

Ал еркектерде қалай?

Еркектер дүниеге келген сәттен “тақ мұрагеріндей” дәрежеге ие. Үйде ұлдың сөзі ғана тыңдалады. Ұл бала қалауынша киініп, қалауынша қаңғып жүре алады.

Ер жеткенде “дайын күңді” әйел етіп алып, әрі қарай “құдай болу” өмірін жалғастыра береді.

Сырт көзге ғажап діндар көрінетін миллиондаған еркектің шынайы жүзін үйінде көруге болады. Баласы шұбырып, етегіне сүрінген әйелі оған тек қызметші сияқты.

Анда-санда алдап әперіп қоятын сыйлықтарын есептемегенде, үйдегі жүрген әйел діндар еркектің бүкіл қалауын орындаушы ғана.

Әйел әлеуметтік желіде суретін қоюға болмайды, жағажайда ашық-шашық жүруге болмайды, бөтен адаммен сөйлесуге болмайды, далада күлуге болмайды, күйеуіне, әкесіне, аға-інісіне қарсы келуге болмайды, әйелдің құрбысын да күйеуі таңдайды, егер күйеуі қаламаса, ол құрбысымен, туысымен араласпайды тағы осындай болмайды дейтін тыйымдар өте көп.

Ал еркекте бәрі керісінше. Өйткені ол жердегі — құдай. Иә, кәдімгі құдай! Әрбір діндар еркектің ішіндегі арам пиғылы құдай болу ғана! Үстемдігін әлсізге жасау арқылы өзін құдай сезіну.

Сол себепті де өзіне бағынбайтын білімді әйелдер ондай діндарлардың ата жауы. Себебі бүкіл әйел атаулы оның әмірлерін орындауға тиіс. Дүмшелер айтып жүрген Халифат дегеніміз — еркек құдайлардың тайраңдайтын әлемі.

Шариғатта болса да, болмаса да түрлі өзіне ыңғайлы “заңдарды” ойдан шығарып, әйелдерді уысында езіп ұстағысы келеді. “Имандылық, жәннат, өлім” деген дүниелер — далбаса сылтаулар.

Өліммен қорқыту, қарғау, жәханнам оттарын айту, қабір азабын алға тарту — психологиялық шабуыл, қорқыту. Қорқыта отырып, әйелді басқару. Демек, «бір жаратушыға бағынамын» деген діндар еркектің түпкі арам ниеті әлгі жаратушының төбесіне шығып, оны да басқарғысы келеді.

Әйтпесе, әйелді де, еркекті де жаратқан бір жаратушы емес пе? Әйелге ақыл мен көрік берген жаратушы еркекке қара күш берген.

Бірін-бірі толықтырсын деп. Ал «құдай еркектердің» пасық ниеті басқару ғана. Бәлкім, жұмақтағы алманы Хауа ана емес, «басқаруды өлердей қалаған» Адам ата жеген де болар, кім білсін?

Өйткені бүкіл діни кітап атаулыны еркектер жазды. Өз ыңғайларына қарай жазды. Бүкіл діни кітаптың 90 пайызы «әйелге тыйым салуға» арналған. Сенбесеңіз, ашып оқыңыз.

Хақназар САДЫРХАНҰЛЫ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.