МӘМС — мұғалімдерді сандалтуы мүмкін

0
530

Еліміздің ұстаздар қауымы өздерінің еңбек демалысын қалай өткізеді? Жалпы, мұғалім еңбек демалысы жөнінде нені білуі керек?

Былтыр жазғы демалыстан шыққан мұғалімдер емханаларға уақытылы қарала алмай, әжептәуір даулы мәселе туындаған болатын.

Себебі, біздің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі айлық еңбек демалысына шыққан педагогтерді уақытылы жарна төлемеген тұлға ретінде қабылдап, дәрігерлер тегін қызмет көрсетуден бас тартты.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін жарна төлейтіні белгілі.

Егер жүйеге бір айлық аударым уақытылы түспесе, ол қызметкер МӘМС жүйесіндегі «сақтандырылған» мәртебесінен айырылады. Ал, бізде есепшілер еңбек демалысына шыққан адамның барлық жарнасы мен салығын бір мезетте аударады.

Нәтижесінде, компьютерлендірілген МӘМС жүйесі соңғы айлардың жарналарын есепке алмайды. Осыған орай, еліміздегі мұғалімдер, тау-кен кәсіпорындарының қызметкерлері мен вахталық әдіспен жұмыс істейтін кейбір мамандар осындай келеңсіздікке тап болып келді.

Жыл басында осы мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, депутаттар мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударымдарды немесе жарналарды аудару ережелері мен мерзімдері туралы бұйрыққа толықтыру енгізуге бастамашы болған.

Сөйтіп еңбек демалысы кезеңіндегі табысты есептеу, аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің мерзіміне орай бөлек аударылатын болып бекітілді.

Мәселен, мұғалімнің еңбек демалысы 2024 жылғы 25 маусым мен 18 тамыз аралығында (56 күнтізбелік күн) кезеңге келеді.

Бұл жағдайда МӘМС-ке төлемдерді аудару маусым айында – маусым, шілде, тамызға бөлінген үш реттік қатар бойынша бір төлем тапсырмасымен жүзеге асырылады.

Әр ай үшін сома тиісті демалыс күндеріне сәйкес, маусымда 7 күнге, шілдеде 31 күнге және тамызда 18 күнге есептеледі.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен тұңғыш рет «Мұғалім мәртебесі» туралы заңның қабылданған еді.

Содан беріде еліміздегі жарты миллионнан аса ұстаздың ұсыныс-пікірі ескеріліп, заң қызу талқыланып, кем-кетігі толықтырылды. Қазір бұл заңның пайдалы тұстарын мұғалімдер қауымы күнделікті өмірде рахатын көре бастады.

Бұрын педагогтерді  негізгі қызметіне жатпайтын жұмыстарға жегіп, шамадан тыс есептер сұралатын, қызметіне байланысты бейберекет тексерістер жүргізілетін.

«Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданғалы бері мұғалімдердің жағдайы біршама жақсарып қалды. Жылма-жыл жалақысы 25%-ға өсіп, жаз маусымында 56 күндік демалысқа шығатын болды.

Одан бөлек, денсаулықтарын жақсарту мақсатында санаториларға 40%-дық жеңілдікпен жолдама алатын болды. Облыстық жерлерде шәкірті «Алтын белгі» иегері атанса, ұстазына Астана қаласына экскурсия ұйымдастырылатын жақсы үрдіс пайда болды. Педагог-зерттеуші санатына ие болса, айлығына тағы да қосымша 40% үстемақы қосылып, табысы артты.

Қазір бұрынғыдай мұғалімдер жаз айларында сыныптарды, мектеп аумағын ретке келтіруге міндеттелмейді, өзге де қоғамдық жұмыстарға жегіліп, тентіреп кету деген жоқ. Ұстаз мәртебесін ұлықтайтын заңның дұрыс жұмыс істеуіне бір есептен әлеуметтік желілер де әсер етіп жатқаны анық.

Бүгінде жергілікті басшылардан бастап, министрлердің кез-келгеніне интернет арқылы хат жолдап, қоғамға қозғау салуға болады.

Алайда, қоғам болғаннан кейін, шетін мәселе арагідік бой көрсетіп тұратыны заңдылық. Әсіресе, егемен ел болғаннан бері осы білім саласы нағыз тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлықтың ошағына айналғаны да өтірік емес.

Соңғы жылдары аудандық білім бөлімдерінің есепшілері мемлекет қаржысын миллиардтап жеп, әшкере болып жатқаны сөзімізге дәлел.

Тағы бір айтатын мәселе, ұстаз мәртебесіне қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеніне қарамастан, әлі күнге мұғалімдерді оқушылар мен ата-аналар тарапынан арандату, қысымға алу, реті келсе жұмыстан шеттету әрекеті тыйылмай келеді.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 7-бабы, 2-тармағында «Лауазымды адамдар және басқа да тұлғалар тарапынан заңсыз араласудан қорғалуға» деп және осы баптың 3-тармағында «Білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан кәсібіне құрметпен қаралуына және тиісінше мінез-құлық көрсетілуіне құқығы бар» деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

Алайда, мұғалім мәртебесі заңмен қорғалған күннің өзінде оларды мектеп басшылығы мен жоғары шенеуніктер тарапынан қысымға алу әлі күнге жалғасып келе жатқаны ақиқат. Алдағы уақытта мұғалімдерге қатысты заңның осы тұсын қоғам боп қарғауымыз керек секілді.

Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.

Inbusiness.kz