«Мас имам» абақтыдан шығып Бас мүфтимен алыса ма?

0
1477

Ішімдік ішіп алып, машина айдағаны үшін 15 тәулікке қамалған Қостанайдың бұрынғы бас имамы Быхытбек Тәжімбет кеше абақтыдан шықты. Енді экс-имам не істейді деген сұраққа журналист Ораз Әлімбеков жауап іздеп көріпті деп жазады Democrat.kz.

«Теріскейді тіміскілеп жүрген құпия дереккөздің мәліметіне сенсек, Бахытбек Тәжімбет жүдә қапалы, «ақ пен қараны айырмай жатып» өзін имамдықтан кетіріп, дін саласынан аластап жіберген Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке ызалы. «Ол Бас мүфтиді айыптайтын мәлімдеме жасап, мүфтидің оппозициясына айналуы мүмкін» деді дереккөз.

Ал мүфтият маңында жүрген құпия дереккөздің айтуынша, мас болып машина айдаған бас имамның заңға томпақ, дінге жат қылығын сол күні Бас мүфти жымын білдірмей жауып тастауға тырысудай-ақ тырысыпты.

Тіпті, ол құқыққорғау органдарының сөзіне сенбей, Бахытбек Тәжімбетті шыр-пыр болып қорғаштаған. «Мас имамның оқиға орнынан түсірілген видеосын көрсеткен соң ғана Бас мүфти Өтпенов өзіне бағынышты Бахытбек Тәжімбетті имамдықтан қуу жөнінде арнайы мәлімдеме жасап, тез арада Қостанай облысына жаңа бас имам тағайындауға уәде берді» дейді дереккөз.

Дегенмен, «Бас мүфти шыр-пыр болып мас имамды қорғады» дегенге Бахытбек Тәжімбет те, оның жанашыр жамағаты да сенбейді» дейді теріскейдегі дереккөз. Оның айтуынша, Бахытбекке Бас мүфтидің баяғыдан көңілі толмай, оны бас имам қызметінен алып тастаудың айла-шарғысын ойластырып жүрген.

Бірақ, Қостанайдың бұрынғы бас имамы ішкі саясат пен өзінің жанашыр жамағатына арқа сүйеп, мүфтияттың ығына жығылмай келген. Сондықтан Бас мүфтидің бас имамды ауыстыру жөнінде бұйрық шығаруға дәті бармай мысы құрып жүріпті. «Мұны Бахытбек Тәжімбет баяғыдан біледі» дейді дереккөз. Енді не болар екен ә?!» деп жазады Ораз Әлімбеков  Facebook  парақшасында.

Фото интернеттен алынды.