Мектеп пен ата-арасындағы дау: Екі оқушы суицидке ұмтылған

0
950

Бір отбасында екі жыл ішінде екі суицид жасалған. Былтыр жасөспірім ұлы, биыл жасөспірім қызы суицид жасап, абырой болғанда, екеуі де аман қапты.

Ұлының өзіне қол жұмсағанын әкесі былтыр әлеуметтік желіде мәлімдеп, мектеп ұжымын кінәлаған видеолар жариялаған еді. Енді 14 наурыз күні сол кісінің сегізінші сынып оқитын қызы өзіне қол жұмсағанын блогерлер жариялап отыр.

Естуімше, ұл да,қыз да мұғалімдерге дөрекі сөйлеп,тіпті қол көтеруге дейін барады екен. Сабаққа еш себепсіз апталап келмей қою,үйіне іздеп барған мұғалімдерге қолына келтек алып тұра ұмтылу үйреншікті әдетке айналған сыңайлы.

Мұның сыры неде, Түркістан Облысының Білім Басқармасы ? Болған оқиғаларды бүге-шігесіне дейін мұқият зерделеп, түбегейлі шешім қабылдауға кім кедергі?

Мектеп мұғалімдерін жазғыру ешқайда қашпас, әуелі себебін анықтау керек емес пе? Қашанғы мұғалімдер сол отбасы мен мектептің арасында сабылып, балалардың әкесінен сөз естіп жүруі керек?

Мәселе неден шықты? Бір отбасында неге екі суицид жасалып отыр? Бұған кім кінәлі? Немесе бұл оқиғалардың артында кім тұр?

Шынымен мұғалімдер кінәлі ме,әлде отбасында балаларға зорлық-зомбылық жасалып,балаларды ата-анасы өзіне қол салуға мәжбүрлей ме? Бәлкім әкесі тиран шығар? Мүмкін ата-анасы өздерінің мүддесі үшін балаларды құрал етіп отырған шығар?

Таусылмайтын көп сұрақтың жауабын тауып, балаларды қауіп-қатерден құтқаруды шұғыл қолға алмаса, соңы орны толмас өкінішпен аяқталмауына кім кепіл?

Сондықтан осы отбасындағы кәмелетке толмаған балаларды ата-анасынан уақытша оқшаулап, дағдарыс орталығына орналастырып, ол жерде балалармен мықты психолог мамандар жұмыс істеуі керек.

Екі жылдан бері жалғасып келе жатқан мектеп пен ата-ана арасындағы дау-дамай соңы қайғылы жағдаймен аяқталмауы үшін бұл мәселемен тікелей өзіңіз айналысқаныңыз жөн-ау, Бейсен Тәжібаев мырза.

Нұржамал РЕМЕТОВА, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.