Мұғалімдерге арналған тағы бір жоба: Осы жолы білім сапасы арта ма?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының VIII құрылтайында сөйлеген сөзінде мемлекет тарапынан қазақ тілін оқыту сапасын арттыру және мектептерде қолайлы тілдік орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды деп жазады Democrat.kz.
Осы мақсатта министрліктің ұсынысымен тағы бір жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Министрліктің бұл жолғы жобасы — оқу және математикалық сауаттылықты арттыру арқылы балалардың логикалық ойлауын дамытуға бағытталмақ.
Тағы да жоба… тағы да мұғалімдерді түкке керексіз дүниелермен басын қатыру. Тағы да бюджет қаржысын қазандағы сорпадай сапыру. Басқа түк емес. Неге?
Себебі — бұған дейінгі талай жобалардың жорғалап барып, жарты жолда жарымжан күйде қалғанын көз көрді.
«Білім саласындағы пәлен деген жобаның арқасында қазір балаларымыз өте сауатты болды» деп ауыз толтырып айтатын дүние бар ма?
Керісінше жылдан жылға екі сөйлемді 15 қатемен жазатын, екі сөзді құрап сөйлей алмайтын, қарапайым дүниелерді білмейтін, Шоқан Уәлихановты — ақын, Абайды — соғыс ардагері деген оқушы саны мыңдап артуда.
Министрлік әлдебір жобаның бала сауаттылығын артуға ықпал етпейтінін біледі. Алайда…
Баланың логикалық ойлауын дамыту үшін «Американы ашудың» қажеті жоқ. Бар болғаны — білім бағдарламасын дұрыстап, оқулықты баланың қарым-қабілетіне сай етіп жазу керек, мұғалімнің алаңсыз сабақ өтуіне бар жағдайды жасау керек, бітті!
Бастауыш сыныптың әріп танымаған баласына көне жазулар туралы, ал екінші сынып оқушысына сақтар мен ғұндар туралы оқытып отырып, министрлік қандай логикалық ойлауды дамыту туралы айтып отыр?
Министрліктің дәл осы жолғы «эврикасына» қатысты танымал педагог Дана Рау: «Бұл мәселені қазақ тілі мен математика ғана шешпейді. Бұл барлық пәнге қатысты. Тіпті музыка, дене тәрбиесіне дейін.
Бала тіл, математика сабақтарында меңгергенін басқа пәндерде қолдануды үйрену керек. Сол кезде оның дағдылары шынығады. Біздегі қалыптасқан әдет әрқайсы өзінікін керемет, артық санап өзіне қарай көрпені тартады.
Математикадан үйренгенін қазақ тілінде физика, химия, суретте қолдана алмаса, онда математика тек сандар мен формула болып қала береді бала үшін.
Әр пән мұғалімі басқа пәндердің өз пәні үшін мәні мен маңызын түсінбей, кешенді оқыту арқылы дағдыларды қалыптастыру туралы ұмытуға болады» деп жазды.
Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.
Фото көрнекілік үшін.