Мұғалімнің бұл арнауынан кейін министр не істер екен?

0
2908

Тұтас қазақ қоғамы мен шәкірт оқытып-тәрбиелеуге өмірін арнаған нағыз ұстаздар Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа іздеу салып жатқанда, география пәнінің мұғалімі министрге ода арнап, жұртты таңғалдырды деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде жыр-шашуымен бөліскен Оналова Жадыра Махамбеткызы Ғани Бейсембаевтың мақтауын жеткізіпті.

Тақырыбын “Аман болсын Министр Ғани Бейсембаев” деп қойған Жадыра апай әлгі одасында еліміздегі жайлы мектепті “салғызған”, ұстаздарды төріне “шығарған”, ұстаздарды “қолдайтын”, “қорғайтын” министр Ғани Бейсембаевты қазақтың көгінде жарқырап жанған шамшырағындай әсірелепті.

Бұл аз десеңіз, география пәнінің мұғалімі шабыттана келіп, Ғани Бейсембаев “білімнің шыңы” мен министрдің амандығын тілей отырып, “осындай министрлер көбейсін” деп әрең тоқтапты.

Жадыра Оналованың бұл арнауына қатысты әріптестері түрлі пікір ғана емес, оданы күшейте түсер жыр шумақтарын да қосуда.

Әлеуметтік желіде “Балтабек ақынның шәкірті ме?”, “мына өлеңді оқуға кеткен уақытым-ай!”, “жай ма, сіздікі?” дескен ұстаздар әрі-сәрі күйге түсті.

“Керемет! Шедевр!” деп қол шапалақтар едік, егер… Иә, егер мұғалім теңеген мынадай әсем дүниелердің үдесінен шығып жүрген министр болса.

Ғани Бейсембаев сынды министрлердің арқасында мынадай ән “жазатын” мұғалім мен ненің не екенін ажырата алмас “білімі терең” ұрпақ күн санап көбеюде.

Егер мұғалімнің сауаты “жайлы мектепті  Ғани Бейсембаев салғызбайтынына” жетпесе, шыршадан құлаған мұғалімін қорғай алмаған министрді “қорған болды” дейтін деңгейде суреттейтін санада болса, “жетіскен екенбіз” деуден басқа сөзді айту мүмкін бе?

Министрге деген ерекше сезімі шабытын оятқан-ақ болар. Десек те, бұл шабыттың шыңы бар болғаны жағымпаздық емес пе, қалай ойлайсыз?

Басқаларды қайдам, Қазақ елінің азаматы ретінде алғаш рет министр Ғани Бейсембаев үшін ұяттан қысылып, өте ыңғайсыз күйге түскенімізді жасыра алмаймыз.

Егер сіз Ғани Бейсембаевтың орнында болсаңыз, мына өлеңі үшін бұл мұғалімге не істер едіңіз? Басыңызды иіп, алғыс айтып, мұғалімді министрліктің айналасына қызметке алар ма едіңіз, әлде “мұныңыз ұят болады” деп ескерту жасар ма едіңіз?

P.S Жадыра Оналова жыр арнай отырып, көрнекілікке таңдаған министрдің суреті алғаш көрген сәтте адамға қорқыныш беретінін ескермегені өкінішті. Себебі бажайлай қарасаңыз, Ғани Бейсембаевтың бұл жердегі суреті “марқұмды еске алу” форматындағы фото сияқты шығыпты.  Ақын апайымыз алдағы уақытта бұл мәселені ескереді деп үміттенеміз…

Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен.