Мынадай ниеттегі кісілер арамызда жүргенде…
Таяуда ғана өзінің түсініксіз дертке ұшырап, біраз ауырып қалғанын әлеуметтік желіде жазған Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ туралы дін өкілдерінің кейбірі «Депутат Аллаһтың қаһарына ұшырады» деп видео таратуда.
ТикТок әлеуметтік желісінде депутаттың суретін қойып қойған Musulman және Raıxan-tiktok деген атпен тіркелген кісінің бұл видеосына мыңдаған адам пікір жазып, боратуда.
«Депутат дұрыс айтты, діни киімге тыйым салынсын» дегендерге қарсы «сол сөздерді айтқан депутат ауруға ұшырап, жазасын алуда», «Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «оқушыны намазға шақырмаңдар» деген болатын. Оның да күні санаулы», «дінге тиіскен кісінің жазасы ауыр болады» деген пікірлер жазылуда.
Ең сорақысы, Қазақ елінің азаматы саналатын кейбір кісілер депутаттың науқастануына байланысты «сауап болыпты», «Ап, бәрекелді», «дұрыс болған» деген сөздер жазуы қалай? Сонда біздің қоғамда осындай ниеттегі пенделер арамызда алшаңдай басып, еркін жүргені ме?
Әлемнің төрт дініндегі адамның қайсысы ауырып жатқан адамды табалап, «сауап болыпты, сол керек!» дегенді айтады? Діннің адамгершілікке шақыратыны қайда сонда? Шынайы мұсылманның шынайы бейнесі, ниеті осындай болғаны ма?
Арамызда мынадай түсініктегі пенделер жүргенде, жауды алыстан іздеудің қажеті бар ма?
Әлеуметтік желіде ә дегеннен қарғысты жаудырып, ел білмейтін боқтық сөзді жазудан жалықпайтын осы біреулердің бәрінің аузында «Аллаһ», «Пайғамбар», «Машаллаһ», «Сүханаллаһ».
Мұндай сөздерді қай діннің өкілі қолданатынын ескерсек, демек осындайлар бұл қоғамның тамырын балталап бастағандар емес пе?
Сөз соңында Мәжіліс депутаты, Қазақ елінің ертеңі үшін қолынан қаламы түспеген, тәуелсіз журналист Ермұрат БАПИДЫҢ тезірек сауығып кетуіне тілекші екенімізді жеткізгіміз келеді.
Видео мен ондағы пікірлерді мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.
Фото интернеттен алынды.