“Нұрсұлтан ұстаздың” уағыздарын Мүфтият бақылауына алуы керек
Әлеуметтік желілерде “Хит-ұстаз” атанған Нұрсұлтан Рысмағамбетовке қатысты Мүфтият назарын аударсын деген жазбалар Facebook беттерінде көптеп шыға бастады деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.
“Мына уағызшының ерінбей біршама видеоларын тыңдадым. Бұл тақырып өте мұқияттылықты талап ететіндіктен пікірлерін зерделедім. Муфтиятқа қатысы бар ма немесе ол ұйым бұлардың сөздеріне қадағалау жүргізе ме, патуа бөлімі қалай қарайтыны маған белгісіз.
Дегенмен өз ойым, көп сөзінде экстремизмге шақыратын пікірлері баршылық. Бұл менің өз ойым. Бұған құзырлы органдар мен кәсіби теологтар баға берулері керек.
Ал алдағы уақытта муфтият ресми уағыз айтушылардың сөздеріне бақылау жүргізіп, арнайы аттестациядан өткен мамандарға ғана уағыз айтуға рұқсат беру керек.
Ораза ұстау, жалпы дінді ұстану әркімнің еркі. Міндеттеу экстремизмнің бастауы” деп жазды Марғұлан Ермағанбетұлы. Осы жазбаның астына пікір қалдырған ел азаматтары да “Хит-Ұстаздың” тым шектен шығып бара жатқанын айтады.
“Нұрсұлтан ұстаз” атанған бұл жігіт туралы біз де өз тарапымыздан интернеттен ақпарат қарастырып көріп, таңғалдық. Неге десеңіз, бір ғана Ютубтегі “Жастарға өсиет” деп аталатын бір ғана уағызын 267 мың адам көрсе, ал 24 қана видео бөліскен https://www.instagram.com/nursultan_rysmaganbet07/ парақшасында 22,500 адам тіркелген. Ал ТикТокта “Нұрсұлтан ұстаздың” уағыз видеоларын қарағандардың саны миллионнан асып жығылады.
Бұл ұстазға қатысты Abaı.kz порталы да былтыр мақала жариялап, оның айтқан уағызына талдау жасап, өмірбаянына да тоқталған. Мысалы, “Нұрсұлтан ұстаздың: «Ұлт – ұлтымен, бірақ Алланың алдында ұлт бірінші орында тұрмайды. Алланың алдында дін бірінші орында тұрады.
Мысалы, қазақ ұлты, түркі ұлты қанекей деп, шақыра ма Алла сені?! Жоқ! Мұсылмандар деп шақырады ғой. Мұхаммедтің үмметі деп шақырады ғой… Атеист қазақты қалай шақырады?..
Сондықтан адам бірінші мұсылман, соны ұмытпауы керек. Ұлт екінші орында. Қазақ, сен – екіншісің… Сен бірінші Құдайдың алдындағы құлдық мәртебеңді біліп алу керексің», – деген уағызына заңгерлер не дейді?
Тұтас ұлтқа қатысты осындай пікір айтқан Нұрсұлтан Рысмағанбетұлының көпшілікке белгілі ақпараттарын тізбелеп көрейік.
«Хит-ұстаз» – Қызылорда облысындағы Арал ауданының тумасы, Сарыағаш медресесін «қызыл дипломмен» бітірген. Иордания корольдігіндегі «Ярмук» университетінің тарих факультетінің түлегі.
Әлеуметтік желілердегі видеоларының кеңінен тарала бастағанына бар болғаны екі жылдың бедері болғанымен, ауызына қарап отырған «табынушылары» жүз мыңдап саналады және олардың қатары күннен күнге өсіп келеді деп жазды Abai.kz ақпараттық порталы.
Қазақстанның мемлекетті құраушы ұлты — қазақтар. Ал мемлекетті құраушы ұлтқа ең бірінші діни сенімін таңып, ал ұлттығын екінші сатыға түсіру қаншалықты заңды? Қазақстанда діни сенімге заң бойынша еркіндік берілгенін ескерсек, “ораза ұстамағандардың маңдайын жару” қаншалықты заңға сай айтылған уағыз?
Фото ашық дереккөзден алынды.