Олигарх Сейітжанов сарайсыз қалды
Шымкент қаласы прокуратурасының талап арызы бойынша Спорт сарайы (қазіргі Мұз сарайы) мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2017 жылы Шымкент қаласының «Спорт сарайы» ЖШС-ның 67,09% үлесі жекешелендіріліп, құны 1 млрд теңгеге, яғни, нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылған.
Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген. Себебі, жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ. Яғни, аукционға қатысушы ретінде тіркеле де алмайды.
«Спорт сарайы – оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын. Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының нормалары бұзылған. Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған», — деп хабарлады прокуратура.
Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды.
Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді.
Фото интернеттен алынды.