Ресейліктердің гастарбайтерге жеккөрініші артып барады
Ресейде жұмыс істеп жүрген Тәжікстан азаматтары мен ортаазиялық басқа да гастарбайтерлер қазіргі жағдайына байланысты шағымдануда деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы “МК” басылымына сілтеме жасап.
10 мамыр Петербургтегі жолаушылар автобусы суға құлап, оқыс оқиға болғаны мәлім. Осы оқиғадан кейін ресейлік жергілікті халықтың тәжіктер мен басқа да Орта Азиядан келген жұмысшыларға деген жеккөрініш көзқарасы арта түскен.
“22 наурыздағы террорлық жағдайдан кейін Ресейге кіріп-шығуымыз мұңға айналды. Ағам елге кетіп, қайта Ресейге келе алмай отыр. Ал 10 мамырдағы оқиғадан кейін жағдай тіпті ушығып кетті. Ашықтан-ашық ауыр сөздер айтып, қорлап, шамалары жетсе, қол жұмсауға дейін баруда” дейді тәжік келіншек Сайера.
Өкініштісі, мұндай жағдайлар тіпті жиілеп кеткен. Бұған дейін ресейліктер шаруаға көмекші ретінде гастарбайтерді жұмысқа алса, мекенжай тіркеуін де жасайтын. Ал қазір еш ойланбастан, тіркеуден шығарып тастауда екен.
“Тіркеуде ортаазиялық азаматтың болуы былай тұрсын, тіпті жақын маңда гастарбайтердің болуының өзін қазір ресейліктер қаламайды” дейді Сайера. Сонымен қатар жергілікті азаматтар мен гастарбайтерлер арасында ұрыс-төбелес жиілеген.
Патент мерзімін, жұмыс контрактысын создыру мәселесі де шешілмей тұрғанын айтқан тәжік азаматы Худжан жұмысқа әкелген бригадасынан ешкім қалмағанын жеткізді.
Қазіргі кезде тек тәжік ұлты ғана емес, Орта Азияның басқа да елінің азаматтарына деген ресейліктердің көзқарасы жақсы болмай тұрғаны жасырын емес. Сол себепті де жұмыс іздеп Ресейге кететін азаматтарына Қырғыз елі де қатаң ескерту жасап, мүмкін болса қазір Ресейге бармауға кеңес берді.
Фото ашық дереккөзден алынды.