«Шалабай атаның аруағы» қазір қайда екені белгілі болды
Осыған дейін Шымкентте «сандырақ» диагнозы қойылған Ұлықбек Сманов өзі асырап алған алты жетім баланы қорлап, мысықтың еті мен зәрін берген деген ақпарат тараған.
Жаға ұстатарлық оқиғадан кейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары мен қамқорлық жасау және асырап алу қызметі тергеліп жатқаны хабарланған болатын. Azattyq Rýhy тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитетіне ресми сауал жолдап, тексеріс немен аяқталғанын білді.
Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, Ұлықбек Смановтың ісіне қатысты Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларының мамандарына қатысты тексеріс жүргізілген.
«Нәтижесінде Шымкент қаласы білім басқармасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 135-бабына сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, сот қаулысымен айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, мамандарға қатысты тәртіптік жаза қарастырылды», — делінген Оспанованың жауабында.
Айта кетерлігі, 135-бап «Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкіне жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзу және оларды жария ету» деп аталады. Бұл бап бойынша 30 АЕК (қазір 110 760 теңге) айыппұл көзделген.
Сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының қамқорлық жасау және асырап алу қызметіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. Алайда істі тергеу барысында қылмыс құрамы анықталмаған, осылайша іс жабылған.
«Аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылды», — деді Насымжан Оспанова.
Комитет ақпаратына сүйенсек, Смановтар отбасының асырауында болған 6 баланың жағдайы қазір жақсы. Кәмелетке толмаған балалар мемлекеттік мекемелерге қайта орналастырылған.
Ал сот шешімімен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген Ұлықбек Сманов Алматы облысы Талғар қаласындағы мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда емделіп жатыр.