Шешесін бауыздап, артынан мәйітін өртеп жіберген

0
433

Шымкентте туған анасын айуандықпен өлтірді деген азаматтың атышулы ісі сотта қарала бастады. 30 жастағы тұрғын мүгедек шешесін үйінде пышақтап, денесін өртеп жіберді деп айыпталып отыр.

 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Информбюро-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу барысында оның қанды қылмысқа кек алу мақсатында барғаны белгілі болған. Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсарын прокурор алғашқы процесте толық оқып берді.

Куәгерлер не дейді? Ал айыпталушының шизофренияға шалдыққаны рас па? Толығырақ сот отырысына қатысқан әріптесімнің бейнематериалында.

Алғашқы процесте прокурор айыптау актісін оқып, сотқа жиналған жандар жағасын ұстады. Тергеудің мәліметінше, қаңтар айында болған қылмысқа 30 жастағы жігіт қасақана барған.

Яғни, ішімдікке сылқия тойып алған тұрғын туған анасын алдымен пышақтап тастайды. Содан кейін қансыраған мәйітті үйдің ауласына тастап, от қойған дейді мемлекеттік айыптаушы. МЕРУЕРТ ДОСМАХАНБЕТОВА, мемлекеттік айыптаушы:

— Пышақпен жүрек тұсынан үш рет соққы жасап, әрі қарай арқасынан 6 рет пышақ сұққан. Қылмысын жасыру мақсатында үйде 15 метр жердегі дәретхана маңынан алдын ала қазылған жерге ағаштарды салып от жаққан. Сарайдан шынжыр алып шығып, шынжырмен Аданованың мойнынан сүйреп, алдын ала қазылған жерге әкеліп, мәйіттен құтылу үшін түнімен өртеген.

Айта кетейік, қала тұрғындарын шошытқан қайғылы жайт қаңтар айында болған еді. Қансырап жатқан 54 жастағы әйелді көршілері көріп, полицияға қоңырау шалған. Шақыртуға жеткен тәртіп сақшылары сотта куәгер ретінде жауап берді. ОҚИҒА КУӘГЕРІ:

— Көршілері шықты. Мынау адам өлтірді деді. Үй қайсы дедім. Мынау деді. Кірсек үйдің бәрі қан-қан болып жатыр екен. Есіктерінің барлығы ашық. Арғы жақта от жанып жатыр екен. Жүгіріп барып қарасақ, адамның қаңқасы ғана қалған жанып жатқан.

Прокурордың сөзінше, бала кезде анамнан теперіш көрдім деген жігіт кек алу мақсатында осындай қатігездікке барған. Бірақ алғашқы сот отырысына айыпталушының өзі келмеді. Ол қазір психикалық денсаулық орталығында емделіп жатыр екен. СӘУЛЕ ӘЛІМБЕКОВА, Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының басшысы:

— Өзін ұстауы өзгерген. Ұратын болған туыстарын. Анасын ұрған дейді. Туыстарын ұра бергеннен кейін әйелі участковый шақырып, жатқызған. 2024 қаңтарынан бастап, стационардан шыққан соң есепке алынған. Ол жерде шизофренияға жақын ауруы болған соң учетқа алынған.

Ал, көз жұмған жалғызбасты ана екінші топтағы мүгедек болған. Марқұмның туыстары сотқа онлайн қатысты. Олар кінәлінің жазасыз қалмауын сұрайды. Айтуларынша, мұндай айуандыққа барған адам бостандыққа шықса тағы бір адамның өмірін қиюы мүмкін.

Фото көрнекілік үшін.