Шыңғысхан тарихына түк қатысы жоқ моңғолдар бар

0
255

Қайбір жылдары біздің мықты тарихшылардың бірі, өзі генетик, өзі бесаспап маман — Жақсылық Сәбитов Моңғолияға барып қалқа моңғолдардан ДНК анализ алып зерттеу жұмыстарын жүргізбек болады.

Сөйтсе, арты былық қалқа моңғолдар «қазақ ғалымдары келді» дегенді естіп алып — ұшып жетіп Жақсылықтың қолын артына қайырып, көмекшісімен бірге түрмеге қамап тастапты. Оған қандай айып таққанын ұмыттым, әйтеуір бір ұсақ — түйек бірдеңе.

Ұзын сөздің қысқасы, қалқа моңғолдар барғалы Жақсылықтың соңына түсіп, оған зерттеу жұмыстарын жүргізбек түгел оны әуре — сарсаңға салып, өз басымен қайғы қылып жіберген екен.

Сәбитов ол жерде бірдеңе зерттегенде біраз тарихи ақиқат ашылатын еді.

Қазір тарих ғылымы жан жақты дамып кетті.

Қазір мықты тарихшы болу үшін архив сүзуіңіз аз, қазір тарихшы болу үшін мықты генетик те болуыңыз керек.

Баяғы қыртқан тарих ілімі жоқ. «Шыңғысханды мынаған берейік, Әмір Темірді анаған берейік, ананы алайық, мынаны бөлейік» деген 20 ғасырдағы саяси астары бар советтің быламығы жоқ.

Қазір сізден қаныңыздан анализ алады да, түген ғасырдағы арғы атаңыздан бастап, сіздің гаплогруппаңызды айшықтап шежіреңізді түгендеп береді, генетика ілімі сөйтіп тарих саласына да тіркелді, ол факт.

Мен жалпы осы Шыңғысхан тарихындағы ақиқатты ашуда өз бетімше өте көп тарихи деректерді оқыдым.

Және өзіме дерлік жететіндей бір ақиқат таптым.

Меніңше, кейінгі тарихшылар да Шыңғысхан тарихында осы тоқтамға келетін болады.

Шыңғыс хан — тұңғұс текті түрік қағаны. Шығыс түріктер оның заманында өздерін мұғұл немесе мұңғыл деп атаған. Шыңғыс сол тектен шыққан. Оның тәңіршілдігі, шежірелілігі, қаған атауын иемденуі, тұрмысы, пішін- келбеті бәрі соған келеді.

Мен жалпы мынаны түсіндім — Алтай тарихын, түрік тарихын айтқанда бізге тұңғұс тарихын да қоса айтуымыз керек екен.

Ғұлама Герхард Миллерден мен 17, 18 ғасырдағы Сібір картасын көргенде Сібір толған тұңғұстың түр — түрін көріп көзім тұңған болатын. Якутск пен Байкал, Красноярск пен Амур арасы толған тұңғұстар Сібірді сан ғасыр мекен еткен.

Солардың бұғыны — атқа, шаманды — қамға, орман иесін — Тәңірге айырбастағаны түрік болады. Шығыс түріктер ұдайы сол тұңғұстар арқылы толығып отырғанға ұқсайды.

Ол заман түріктердің түр — түрі болған, сарт текті түрік (қарлұқ), тұңғұс текті түрік дегендей. Түрік мәдениетінің географиясы ұланғайыр жерді алып жатқан екен.

Қашғарлы оның бәріне әдемі сипаттама береді. Махмұт Қашғарлыдан сол замандағы жағдайдан біраз мәлімет алуға болады.

Шыңғыстың мұғұлдары — қазіргі қалмақтардың тіліне жақын тілде сөйлеген. Оны Рашид ад Дин де айтады.

«Ойраттарды мұғұлдардың сыңары десе болады» дейді ол. Ойрат пен мұғұлда сәл тіл айырмашылығы бар. Мысалы ойрат пілді «Заған» десе мұғұл «Жаған» дейді.

Көне түріктер де пілді Жаған деген.

Жалпы Шыңғысхан мұғұлдарының сөздігінде көне түрік сөздері өте көп.

Ескі мұғұлдар қоянды көне түріктер сияқты Табылға дейді, малды — Әбисүн дейді, теңізді — Теңіз, ноор дейді, әкені — Ече, еже, әскерді — Черік, жазушыны — Бітікчі, су арнасы түйілген ойпатты — Қапшағай дейді.

Қысқасы, көне түрік сөздері Шыңғыс хан мұғұлдарының сөздігінде көп.

Қашғарлы да кезінде мұғұлдарды татарлар деп атап, «олар да түріктер, олар да түрікше сөйлейді» дей келе «олардың тағы бір өзіндік ағзысы, яғни диалект тілі бар» деп олардың тұңғұс тегін көрсеткендей болады. Тұңғұстар жылқыны Мори деген екен, мұғұлдар да оны солай атапты.

Біздің қазіргі тілімізде де көптеген мұғұл сөздері бар; Іңген, бүркіт, көгершін дегендей….

Жоғарыдағы ойраттар да мұғұлмен тіл ұқсас болғанымен олар «ж» әріпін көп жерде «з» мен сөйлейді. Мысалы Зайсан ойраттың төл сөзі, Зайсан атауы ойраттың тілінде «құтқарушы, жарылқаушы» деген мағынаны берген екен.

Бір жылдары жоңғар атаулы жұтқа ұшырап сол кезде, тайшылары ел бастап Зайсан көліне ат басын тіреп балық аулап жеп аман қалыпты. Содан көлді Зайсан Ноор атапты. Оған шейін Зайсанның атауы Қызшолпы Ноор болған екен.

Қазір сол ойраттардың қалдығы Моңғолияның Ховд (Қобда) аймағында тұрады, әлі мал бағады. Олар ол жерде өөлүт, дөрбіт, торғауыт деген атаумен белгілі. Осының өөлүті нағыз жоңғардың тұяғы болады.

Егер сіз қазір архивтерден Шыңғыс ұрпағынан шыққан хандардың дипломатиялық хаттарын тауып оны оқи алмай отырсаңыз, оны сізге қалқа моңғол да оқып бере алмайды, олар тіпті Шыңғыс хан тілін түсінбейді десек қателеспейміз, оны сізге осы бұрыңғы жоңғар қалдығы — өөлүттер оқып аударып беруі мүмкін.

Бір сөзбен айтсақ, қазіргі қалқа моңғолдарды сәл де болса бұрыңғы мұғұлдарға ұқсатып отырған осы көне мұғұлға ұқсас бұрыңғы жоңғарлардың ұрпағы десе болады. Олар өте аз, өөлүт, торғауыт, дөрбіттер қазір тілдері қалқа моңғолдасып этникалық топ ретінде жоғалып барады.

Ақиқатын айтсақ ар жақтағы —Улан Батордағы қалқа моңғолдардың Шыңғысхан тарихына түк қатысы жоқ. Олар 18 ғасырдағы Амур өзені бойынан көшірілген тұңғұстардың ұрпағы болады.

Цин императоры Шән Лун, түріктер ата қоныс Мұңғұлия даласына қайта көшіп келмесін деген алаңдаушылықпен Амур өзені бойындағы тұңғұстарды 18 ғасырда жаппай Мұңғұлия даласына көшірген екен. Ол мәлімет сол замандағы француз академиясының деректерінде тұр.

Қалқа моңғолдың бұрыңғы Шыңғысхан тарихына тілі де, тұрмысы да, генетикасы да, ру — тайпасы да келмейтіндігі содан болу керек.

Ал түбі — «Шыңғыс хан тарихының нақты мұрагері — қазақ, қарақалпақ, өзбек, ноғай, башқұрт сияқты, яғни бұрын татар деп атанған халықтар еді» деген тоқтамға келетін бір күн болады, мен сол күнге бек сенемін.

Олжас ӘБІЛ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.