Су тасқыны аймағы — пиар жасау алаңына айналды

0
282

Танымал журналист Ерболат Мұхамеджан су тасқынына көмектесемін деп жүрген біраз адамды сынға алды, — деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.

«Біздің кейбір әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер, депутаттар, министрлер су тасқыны орын алған өңірлерге барып жатыр. Барсын әрине, бармасын демейміз.

Бірақ сырттай қарағанда контент жасаумен айналысып жатқандай көрінеді. Әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер елді сабырға шақырып, үндемей-ақ көмектескеннің орнына, халықты шулатып байбаламға салып жатқандай әсер қалдырады», — деді ол.

Журналист депутаттар мен министрлер де пиардың қамын күйттегенін айтты.

«Ал кейбір депутаттар мен министрлер таза пиар үшін жасап жүргендей көрінеді. Қастарында бір-бір мобилограф барлығының. Кәдімгі күшті музыка салып, клип сияқты түсірген. Өтірік күрек ұстап, камераға жақсылап ойнап подписчиктерден лайк жинау үшін барған сияқты», — деп жазды ол.

Оның сөзінше, сол өңірлердегі азаматтар осылайша өздерінің  жұмыстарына кедергі жасап жатқанын жеткізіпті.

«Халықты тасуға арналған вертолеттерді кейбір кезде сұрап мазаларын алған, Астанаға звондаған. Бұл қарапайым жергілікті әкімдіктегілер үшін артық жұмыс тудырады. Сосын оларды тасу керек, күту керек, жағдайын жасау керек, көңіл бөлуі керек.

Егер осыларды істемесе барған жері туралы нашар әңгіме шығарады. Менің ойымша, төтенше жағдай жарияланған өңірлерге дүрбелең тудыратындардың баруын шектеу керек.

…Барған соң, шынайы түрде көмегімізді аямайық. Бірақ, “айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады” мақалына сәйкес болмайық…» — дейді журналист.

Фото ашық дереккөзден көрнекілік үшін алынды.