Тарихтағы шынайы жағдай туралы айтатын кісі азайып барады

0
173

Марқұм нағашы апам атаман Анненковтың зұлымдығы жайлы айтып отыратын. 20-шы жылдар болса керек. Анненков әскері жеңіліп, Қытайға қарай бағыт алып, жол бойы қазақ ауылдарын шауып өтеді.

Оның зұлымдығы жайлы барлығымыз жақсы білеміз ғой. Әсіресе Жетісу бойында адамның төбе шашын тік тұрғызатын небір қатыгездікке барған. Бала-шаға, кемпір-шал, әйел, еркек деп қарамай қыра берген.

Содан 20-шы жылдары Анненков әскері Үржар өңіріне келеді. Қазақ ауылдары оның келе жатқанын естіп, бірі қашады, енді бірі сұрағанын берсек тиіспейтін болар деп ойлайды. Нағашы апамның жалғыз ағасы болған екен.

Сол ағасы тұрған ауылға «Анненковтың әскері жақын қалды» деген сәтте, ауылдың қарттары ақылдасып, «балалар әскердің алдынан нан мен тұз алып шықсын, сонда тиіспейді» деп шешеді. Балалар нан мен тұз алып шығады.

Сол сәтте Анненков әскері ауылға кірместен, алдынан шыққан балаларды қылышпен шауып, турап өте шығыпты. Сол балалардың арасында апамның ағасы ба болыпты.

Бұл сол 1920 жылы болса керек, өйткені Анненков сол жылы Қытайға өтіп кеткен еді. Апамның ата-анасы 20-шы жылдардың аяғында Қытай асып, жаңағы қайғылы оқиғадан кейін араға 13 жыл салып, 1933 жылы нағашы апам өмірге келген. Өмірден өткенше осы оқиғаны айтып өтті.

Анненков деген қанішер тіпті өз әскерін аямаған ғой. Қытайға өтер сәтте әскерінің бір бөлігін өзі атқызып тастаған дегенді де еститінбіз. Ақыры Қытайдан ұстап әкелініп, 1927 жылы Семейде атып тастады.

Мұндай тарихи оқиғалар әр қазақтың әулетінде бар ғой. Ресей империясы, кеңестік жүйе жанына жара салмаған қазақ әулеті жоқ шығар. Соларды қариялар, үлкендер айтып отырады.

Тарихи кітаптардан табыла бермейтін небір оқиғаларды қарттардың аузынан естисің. Әрине, тарих фактіні, құжатты, дәлелді қажет етеді. Алайда көнекөз қариялар, сол оқиғалардың куәгерлерінің әңгімелері аса құнды.

Университетте «Айтылған тарих» дейтін пән өтетінбіз. Сонда ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін кезеңі және сол сәттегі қазақ көтерілістері, 1920-21 жылғы аштық және басқа жайлы қариялардың естеліктерін оқитын едік.

Қазір сол қариялардың әңгімелерін жазып алатын, түсіріп алатын мүмкіндік өте көп. Өкініштісі сол тарихқа куә болған қарттар азайып барады. Өте аз қалды…

Асхат ХАСЕНҒАЛИ,

Facebook-тағы жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.