Тегін тамаққа таласқандарға сот қаулысы шықты

0
105

Атырау облысының Құлсары қаласында азық-түлікке таласқан әйелдердің ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Жылыой аудандық сотының мәліметінше, жанжал мамыр айында Құлсары қаласындағы «Нақыш» ғимаратында болған.

«Гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген азық-түлікке таласқан екі әйел Т. мен Д. өзара келісе алмай қалған. Сол кезде Д. жәбірленуші Т.-ны итеріп құлатқан. Соның нәтижесінде жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған.

Бұл іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігімен (Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қаралды», — деп хабарлады аудандық сот.

Құқық бұзушы Д.-ның кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейне-дыбыс жазбасымен, арызбен, түсініктемелермен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және басқа да іс құжаттарымен толықтай дәлелденіп отыр. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Т.-ның денсаулығына жеңіл дәрежелі зиян келгені анықталған.

«Д.-ның кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны, 14 жасар баласының бары ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот Д.-ның жеке басын, құқық бұзушылықтың сипатын, жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 829-11-бабының 2-бөлігімен 38 мың 766 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды», — деп мәлім етті аудандық соттан.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Фото интернеттен алынды.