«Терлетіп, ұялтып жібереміз» дейді Айдос Сарым
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым VIII сайланған парламенттің екінші сессиясындағы жұмыстарды қорытындылай отырып, мәжіліске келетін шенеуніктер кейде қатты ұялып кететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, үкіметтің кейбір мүшелері үшін парламент қазір «қатты терлеп, ұялып» шығатын орынға айналған.
«Біз «мықты парламент» дегенге келе жатырмыз. Егер іс-шаралар күнтізбесіне қарасақ, қазір парламентте күніне 8-9 шара өтеді. Мен білетін біраз шенеунік, үкіметтің біраз мүшесі мен вице-министрлер үшін парламентке келу бұрынғыдай той емес. Оларды терлетіп, ұялтып жібереміз», — дейді Айдос Сарым.
Депутат сондай-ақ екі тараптың бір байламға келуінде жиналыстың сағат нешеде өтетіні маңызды рөл атқарады дейді.
«Менің ойымша, сағат 17.00 кезіне қойылған отырыс нәтижелі болады. Тамақ ішкісі келіп, асыққан адаммен келісімге келу оңай», — дейді Айдос Сарым.