«Тик-Токта» уағыз айтқандарға ешқашан сенуге болмайды» дейді дінтанушы

0
401

Қоғамда уағыз айтатындар, әсіресе әлеуметтік желі арқылы діни үгіт-насихат жүргізетіндео көп. Ел депутаттары күзде діни киім мен оның насихатына қатысты заңды қарамақ. Өйткені теріс діни ағымның жетегінде кетіп, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне балта шапқан жағдайлар елімізде көбейіп барады.

Осы тұрғыда Qazaq.today тілшісі дінтанушы ғалым, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Мұхитдин Паттеевпен сұхбаттасты.

-Мұхитдин Исаұлы, біздің елде дәстүрлі діни ұстанымдағы адамдар аз емес. Алайда мемлекетіміз зайырлы ел деп танылған. Зайырлы ел деген құдайға сенбейтіндер тұрады немесе құдайсыздардың заңы үстемдік құратын ел дегенді білдірмейді ғой. Олай болса зайырлы мемлекет деген ұғымды неге атеизммен шатастырады? Бұның себебі неде?

— Зайырлы деген ұғымды атеистермен шатастырады. Бұның түбі батыстан шыққан. Кезінде христиандық діни ұйым басшылары бүкіл билікті өздеріне алып алды. Содан барып қоғам белсенділері діннің өкілдерін дүниеуи билікке араластырмауға тырысты.

Зайырлы ұғым түсінігі қалыптасып,  Франция, еуропаның өзге елдері ғылымға тұсау салған дінді өмірлерінен алшақтатты. Зайырлы деген ұғымды атеизммен салыстыру кешегі кеңестік үкіметте де болған.

Кеңестік кезде таза дінсіздік болды. Ендеше зайырлы деген түсінікке де дәл осындай ұғыммен қарайды. Әлде де сол түсінік баршылық. Кеңес кезінде бүкіл дін атауын жойғысы келді. Зайырлы деген – тепе теңдікті сақтау.

Дінді фанатизмге алып кететіндер бар. Бұл осындайларға тұсау. Діни мемлекеттен бөлек деп айтсақ та, ол сол мемлекеттің ішіндегі адамдардың миында қайнап жатқан наным-сенім.

Мемлекет, яғни ондағы адамдар бәрібір діннен бөлінбейді. Зайырлы деген сөз, діннің ішіндегі теп-теңдікті де сақтайды деген сөз. Ол болмағанда дін жоғарыда айтқан Кеңсес кезіндегідей үлкен бір сектаға айналып кетуі мүмкін.

-Қазақтың рухани байлықтарына діни өкілдерінің арасында қарсы шығатындар неге көп, неге олар ұлттық және рухани құндылықтарымызға жау?

-Қазақтың рухани құндылықтарына діни фанатизмге берілгендер жау болып келеді.  Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз бар.

Біреулер сол Арабиядан, Мысырдан, Пакістаннан дінді үйренеді. Сол кезде ол жердің мәдениетін де дін деп үйренеді. Олардың киген киімдерін, жеген тағамдарын, көсемдерін дін деп қабылдайды.

Ол дін емес, сол елдердің әдет-ғұрпы ғана болуы мүмкін. Қайтып ол Қазақстанға келгенде пішіні қазақ, бірақ түсінігі сол араб немесе мысырлық болып тұрады.

Қазақтың діни түсініктеріне сол өзге елдің түсінік-танымымен қарайды. Радикалды бағытдағыдай қатал тиымдарды ұстанатын діни ортадан шықса тіптен қиын.

Сосын өзінің ата-әжесі ұстанған ғұрыптарға, айналасындағы ортаның ұстанымдарына қарсы шығады. Қазақтың түсінігімен қарамайды, сол жақтағы өзінің пірімен, шейхымен, солардың айтқандарымен қарап, қазақтың салт-дәстүрлерін автоматты түрде жоққа шығарады.

Сол үшін ең бірінші қазақтың жастарына алдымен салт-дәстүрді сіңдіріп барып қана дінді үйренуге жіберу керекк. Олай болмаған жағдайда дінді үйренуге сыртқа жастарды жіберу мемлекетке қауіп төндіретін факторлардың бірі саналады.

-Қарапайым халық немесе жастар жат дін, экстремистік діни ағымдардың өкілдері екенін дәстүрлі дінімізден қалай анықтап, ажырата алады?

-Оны ажырату қиын емес және теріс ағым өкілі екенін бірден біле алады. Мен өзім Түркістаннанмын. Аталарымыз, әжелеріміз бар, солардың тәрбиесін көрдік.

Үлкендер бар ауылда. Теріс ағым екенін олар жүріс-тұрысынан, тіпті иісінен ақ біліп қояды. Біздің ұғымға, салт-дәстүрге жат, бөтен жолда екенін бірден біліп, «діні бөтен екен» дейді.

«Діні бөтен» деген ауыр сөз. Мысалы, бір әңгіме бар. Бір қария мешітте отырса, шетелден оқып келген бір жігіт қолын намазда қайта-қайта ербеңдете берген. Қолды ербеңдете беру ханбалилерде де, шапиғилерде де бар.

Содан қария әлгі баладан сұрапты, «әй бала сен неғып қолыңды ербеңдеет бересің?», – десе, ол, «мен шапиғи масхабын ұстанам» депті. Сонда қария, «мен сені мұсылман ба десем, басқа дінде екенсің ғой» деп айтқан.

Енді ол әзіл болсада түбінде бір шындық жатыр. Басқа мәсхабтағылар бізге келсе, оның өзі басқа дін секілді көрінеді. Олардың кез келген сөздерінен, жүріс-тұрыстарынан, түсінік пайым, отырыстарынан ақ білуге, анықтауға болады.

Ондайда ауылдың ақсақалдары бірден біліп қояды. Тағы бір мысал, бізде бір нәрсені санайтын кезде, басбармақтан бастап санайды.

Ал арабтардан оқып келгендер керісінше кішкене саусақтан, яғни соңынан бастап санайды. Ол біз үшін тұрпайы көрінеді. Осындай іс-әрекеттерінен ақ білуге болады.

-Тик-Токта діни уағыз жүргізетіндерге сенуге бола ма?

-Оларға ешуақытта сене алмайсың. Тик-токта отырған адам жастардың миын уландыру үшін бірден өзінің идеясын айтпайды. Алдымен ортақ дүниелерді айтады.

Діни тұрғыда аяттарды, ортақ дүниелерді айтады. Сол арқылы жастарды жинап алады. Кейін әлгі жастарда «мына адамнан кез келген нәрсені қабылдауға болады» деген түсінік, пікір қалыптасады.

Сол кезде әлгі адамның жалған нәрсе айтып жатқанын миы, оның түсінік өлшемі қабылдай береді. Теріске шығаруға миы қабілетсіз болып қалады. Сондықтан кім қай уақытта не айтса да ол қазақтың, біздің өлшемге келе ме, келмей ме, қарап, сараптап отыру керек. Қарамаса адам жаңылысып кетеді. Сондықтан тик-токта отырып уағыз айтатындар жастарды ертіп кетуі оп-оңай.

-Жаппай уағыз айтуға жастар неге әуес?

-Әр заманның өзінің модасы болады. Баяғыда, біздің заманымызда гитарамен ән айту мода еді. Виктор Цой сынды әншілердің өлеңдерін айтсаң сенен жақсы адам жоқ, жастардың арасында ол авторитет.

Ол өлгенде енді қалай өмір сүреміз дегендер де болды. Сол секілді әр заманның жастары ұнататын дүниелер болады. Ендеше жастардың арасында дінге келуде әуестік бар.

Қыздардың арасында орамалды арабша тағу мода, қазақтың орамал тағу үлгісімен емес, арабша тағу сән. Адамның миы неге таңғалады? Адамның миы стандарттан тыс нәрсеге таңғалады.

Сондықтан жастар стандарттан тыс дүниелерге құмар. Әрі жастардың арасында дінге деген құмарлық бар. Қанша дегенмен ата-бабасы әулие болған, исламда болған дегендей.

Бірақ сол кезде бір-екі аятты жаттап алып, психолог-уағызшы болып жүргендер шықты. Басында бізде буддизмді айтқан психолгтар да болды. Кришнаиттарды да айтты. Одан ақыры опа таппады.

Жастар оларды қабылдамады. Сондықтан бәрі айналып келіп сенім дегенде тоқтайды. Кім болса да, неге болса да ол адамға сенім керек. Мінеки жастар шамалы арабшаға үйреніп алса, атақты болуға тырысады.

Діни атағыңды шығарады деп санайды. Қазіргі заманның еркіндігін пайдаланып уағыз айтады. Атын шығарады. Тозақтан қорқытып, қаттырақ айтсаң, жұмақты айтсаң, айғайлап айтсаң ел елең етеді. Ми стандарттан тыс нәрсеге қарайды.

Сосын дінді толық түсінбесе де, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей жібере береді уағызды. Тіптен елді елең еткізу үшін «приколмен» уағыз айтатын болды.

Бұл жастарға қатты әсер етіп жатыр. Шындығында дінді олай жеткізбейді, дін олай айтатын нәрсе емес қой. Дін деген ақиқат. Бұл жастарға керек емес. Егер заман алай-бұлай болып, діндегілерді қудалау болса әлгі жастар тайқып шығуы да мүмкін.

Мен өз басым ондай жағдайға еш таңғалмаймын. Егер сол заманда дінсіз болу атақ десе, дінсізденіп кете береді. Бұның бәрі дінді жеткізу емес. Ермек мен атақ. Дін деген сынақ. Алаштықтардың, ата-бабаларымыздың өмірі бізге белгілі.

-Діни уағыз айтатын «ұстаздар» неге тоқалдың, сақалдың, киімнің төңірегінен шықпай қалды?

-Тозақпен қорқыттық, үркіттік. Одан ақыры ел тозақтан да қорықпайтын болды. Бірте бірте олда қызық болмай қалды. Елге өтетін тағы қандай тақырып бар? Нәпсіге не ұнайды?

Нәпсіге ұнайтыны ол – тоқал. Екі әйел алсаң жұмақта оған тағы хор қыздарын береді, екі тоқалдың әрқайсысына жүз тоқалдан қосып береді деген нәпсілік сөздер. Бұлардың бәрі нәпсінің әңгімелері.

Дін деген ол – оқу, химия, физика, математика. Ғылым-білім, сандар. Қазіргі Илон Масктің шығарып жатқан дүниелері, олардың бәрі сан, сандар. Мына тұрған қытайларда техникамен оза шауып, бәйге алып жатыр.

Сондықтан бізде ғылымға бейімделуіміз керек. Ал ол жастарға, миына, нәпсісіне ауыр. Ол не керек дейді? Мысалы сіз уағызды астрономиямен, жаратылыстанумен, математикамен, ғылыммен байланыстыра мысал келтіріп отырған қандай уағызды көрдіңіз?

Ондай жоқ, айта да алмайды. Шындығында діни уағыз ғылымға бейімделу керек. Ислам деген ғылым. Ал қазіргі уағызда оның 95 пайызы айтылмайды, түсіндіре алмайды. Аяттармен, оның мағынасымен ғана шектеліп келеді. Ал жастарға не керек?

Оларға тоқал керек? Сақал, тоқал деген дамымай қалған елдерде айтыла береді. Не өспейді, не қоймайды? Мысалы, араб немесе Египетте мектепке бармайтын балалар көп. Бірақ олар бұл тақырыпты айта береді, айта береді.

Дін деген тек құлшылықтан тұрмайды. Намаз, зекет, ораза адамның жеке басының әрекеттері. Діннің негізгі мақсаты ол ғана емес. Алла әлемді не үшін жаратты?

Басқа планеталарды зерттеу, теңіздің түбін зерттеу, ғылыммен, қоғаммен ұштастыру. Дін деген көркем мінез. Біздікі сол баяғы сақал, балақ. Сосын басқалар исламды тек тоқал алу, сақал қоюмен шектеледі деп ойлайды. Оның бәрі нәпсілік әрекеттер. Сондықтан бұның бәрі надандық, дінді білмеу.

Сұхбатты жазып алған Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ.