Түркістан облысында алкогольсіз ауыл саны артты

Түркістан облысында жиырма жетінші ауыл тұрғындары алкоголь сатудан бас тартты, бұл құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке оң әсерін тигізеді. Себебі алкоголь сатылмайтын елдімекендерде соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сарыағаш ауданының Мәдениет ауылында 1500-ге жуық халық тұрады. Учаскелік инспектор Мұрат Төлегенов атап өткендей, екі жыл ішінде елдімекенде бірде-бір қылмыс болмаған. Сондай-ақ полиция қызметкері құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізеді.
«Жақында елдімекен «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енгізілді. Ал бұл бастамаға жергілікті тұрғындар, ақсақалдар, белсенділер бірауыздан қолдау білдірді», – делінген ПД хабарламасында.