Үкімет басшысы әкімдердің жұмысын сынады

0
125

Премьер-министр Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі әкімдердің жұмысын сынға алды, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, жылу электр орталықтарының мәселесіне келгенде атүсті қарамау керек.

«Жергілікті жерлерде әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ.

Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек», — деді Бектенов.

Сонымен қатар, ол елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болатынын айтты.

«Ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет.

Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек.

Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — деді Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

Фото ашық дереккөзден алынды.