Ұлттық қордан уыстап ақша алуды қоямыз деді ҰБ басшысы
Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қор қаржысынан іске асырылатын жобаларды бағалаудың жаңа тетігін таныстырды. Оның айтуынша, бұл тетік іске қосылып, өз тиімділігін танытса Ұлттық қордан уыс-уыс ақша алу тыйылатын көрінеді. Бұл туралы Dalanews.kz порталы хабарлайды.
Сүлейменовтің айтуынша, бұған дейін Ұлттық қор есебінен сатып алынған облигациялардың мерзімі тым ұзақ, сыйақы мөлшерлемесі де нарықтық талаптарға сай деңгейде болмаған.
«Бұл Ұлттық қордың тікелей әрі айтарлықтай шығынға ұшырауына әкеліп соқты. Енді біз осы шарттарды нарыққа барынша жақындаттық. Бұл қор мен болашақ ұрпақтың мүддесін теңдестіруге мүмкіндік беріп, стратегиялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын арттырады. Осылайша үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қордан қаржыландыратын жобаларды бағалаудың жаңа тетігі әзірленді», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, жобаларды қаржыландыру мәселесінде қаржы секторының міндетті түрде қосымша қаражат салуы көзделген. Бұл шара, бір жағынан, Ұлттық қорға түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан, нарықтағы өтімділікті белсенді қолдануды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Сүлейменов жаңа бір инвестициялық бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Оның аясында экономиканың озық секторларындағы шағын стартаптарды қаржыландыру көзделген. Оған бастапқы кезеңде қаржы Ұлттық қордың баламалы инвестициялар портфелінен бөлінеді.
«Бұл стратегиялық маңызы бар ірі жобалардан бөлек, салыстырмалы түрде шағын стартаптар болады. Оларды қаржыландыруда Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) инфрақұрылымын да пайдаланамыз», – деді ол.
Ұлттық банк басшысы бұл шаралар жеке капитал нарығын ілгерілетуге, сондай-ақ Қазақстанға сыртқы қаржы технологиялары мен сараптамасын тартуға септігін тигізетініне сенімді.
«Бұл тек қосымша инвестиция тартумен шектелмейді. Қаржы нарығы мен технологиялар саласындағы тәжірибе алмасу жағы да тереңдейді, ал АХҚО әлеуеті бұрынғыдан да кеңінен қолданысқа ие болады», – деп сөзін түйіндеді Сүлейменов.