Зеленский Ресеймен келіссөз жүргізу шартын атап көрсетті

Украина президенті Владимир Зеленский ұлыбританиялық ITV News арнасына берген сұхбатында Ресеймен келіссөздерге дайын екенін, бірақ бір маңызды шартпен келісетінін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зеленскийдің сөзінше, Украина АҚШ пен Еуропаның уәделері сенімді екеніне көз жеткізуі керек, ал бұл Киевке қолдаудың жалғасатынына кепілдік бермек.
«Америка мен Еуропаның бізді тастап кетпейтініне, бізге қолдау көрсетіп, қауіпсіздік кепілдіктерін беретініне сенімді болсам, кез келген форматтағы келіссөздерге дайын болар едім», — деді ол.
Украина президенті әділетті бейбітшілік Киев үшін маңызды екенін, алайда бұған дейін одақтастар тарапынан нақты қадамдар қажет екенін айтты.
Зеленский қажет жағдайлар жасалса, Ресеймен қақтығыс 2025 жылы аяқталуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ол украиналықтардың соғыстың биыл аяқталғанын қалайтынын, сондай-ақ бұл пікірді АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп та қолдайтынын айтты.
Сонымен қатар Зеленский жақын арада елде сайлау өткізуді қолдамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина халқы соғыс жағдайында дауыс беруді қолдамайды, ал әскери жағдайды жою армияның жауынгерлік қабілетіне қауіп төндіреді.
«Біздің халқымыз соғыс кезінде сайлау өткізуге қарсы. Егер біз әскери жағдайды тоқтатсақ, армиямызды жоғалтамыз. Ал әскери қызметкерлерсіз дауыс беру әділетсіз», — деді Владимир Зеленский.
Бұған дейін не белгілі?
Еске салайық, бұған дейін де Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, украиналықтар үшін бейбітшілік орнатудың жалғыз схемасы осы болса, бұл қадамға баруға әзір.
«Бұл украиналықтар үшін бейбітшілікке қол жеткізудің және адам өлімін болғызбаудың жалғыз жолы болса, әрине, біз оған барамыз», — деген Зеленский ұлыбританиялық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында.
Путин бұған дейін Зеленскийді заңсыз президент деп санайтынын, өйткені 2024 жылғы мамырда оның өкілеттік мерзімі аяқталғанын, демек бейбіт келісімге қол қоюға құқығы жоқ екенін айтты.
Ал Зеленский Украинада соғыс болып жатқан кезде сайлау өткізу мүмкін емес екенін жеткізді.