Жетімдері шіркеуден пана тапқан елге айналдық

0
652

Біз кімбіз осы…Бір күні кешкілік біздің үйдің қоңіырауын біреу басты, мен барып есік аштым. Есік сыртында өте жұпыны киінген, өңі абыржулы, жүдеу өңді кішкентай бойлы шамамен жасы жиырмалар ішіндегі қазақ қызы тұрды.

» Аға» деді өте бәсең дауыспен — «менің үйде ауру ағам бар, менде ауырамын ағам аш жатыр бізде тамақ жоқ соған көмектессеніз екен» дегенде не дерімді білмей сасып қалдым.

Содан кейін» Қазір, қазір» деп ас бөлмеге жүгірдім. әйеліме.»Тез продукты бер, пакетке толтыр» дедім ол түсінбейді, ал мен:

» Келіп тұрған адамды көрші» деп есікті көрсеттім ол да қызды көргеннен кейін қолына түскен ақшасымен продуктысын тықпалады. Екеуміз қызды шығарып салдық жайын сұрадық, ол тұрағын айтқысы келмеді.

Әзер жүріп бара жатты ол менің көзіме аштықтан жүре алмай бара жатқандай болып көрінді. Кейін ол қызды сурастыра бастадым, көбінесе қазақтардың үйіне барады екен көбісі оны білетін болып шықты, бірақ ешкім оның мекен жайын сұрамаған.

Сол қыз ойымнан кетпей Байқоңырдағы Қазақстан өкілдігінде істейтін қазақ жігіттерге бардым. Мен кірген кабинеттегі жап жас қазақ жігіттерді көргенде біртүрлі іш тартып қалдым. Менің алдымда түрлерінде ешқандай сезімі жоқ беттері жылтыраған роботтар отырды.

«Жігіттер» дедім біртүрлі көңілсіз дауыспен — осы қалада үй жағалап қайыр сұрап бір қазақтың ауру қызы жүр. Ағасы да аш, ауру екен. Мына қалың орыс ортасында қазақтың қаракөз қызы қайыр сұрағаны бізге ұят емес пе.

Мен адресін біле алмадым сіздер Қазақстан өкілдігінде отырсыздар ғой ондай қазаққа көмектеріңіз бар ма» дедім. Сонда біреусі:

«Иә, біздің үйімізге де келген бұндайлар көбейіп кетті ғой» деді самарқау. Менің қаным басыма шапшыды:

«Осы Байқоңырдағы Қазақстан өкілдігінің қызыметкерлерінің міндетіне нендей мәселелер жатады» деп ызаландым. Сол кезде тағы біреуі:

«Жақсы аға назарда болады қарастырамыз» деді. Орнымнан тез тұрдым да шығып кеттім. «Тауып көмектесеміз» демейді, «қарастырамыз» дейді мен бір затты айтып тұрған сияқтымын. Нені қарастыратынын өзі де білмейді тек жаттанды сөзді айта салды. Сөйтпей неғылсын алдындағы көргенін істеп отыр ғой.

Онда өзіндік адамша ойлау түйсік жоқ. Өйткені ол- робот. Менен құтылу үшін әншейін айта салды. «Сонда қазақтың келешек жастары осылар ма» деген ауыр ой арқалап шықтым. Байқоңырдағы Қазақстан өкілдігінде осындайлар отыр. Олардың ол қызды іздемейтінін ішкі түйсікпен сездім.

Есіме түскенде сұрастырып қоямын біреу бірде мешіттің босағасында отырғанын, біреу бірде көшеде көргенін айтты. Сонымен ұмытыла бастады. Біздің үйге қайтып соқпады.

Арада бірнеше ай өтіп кетті, бірде мінген таксиім орыс шіркеуі тұсынан өтті. Сырдария өзені жағасына орналасқан шіркеудің ауласы биік, биік түрлі талдармен жайқалып тұр. ауласының адам жүрер жерінің барлығы әсем тастармен көркемделген.

Шіркеудің орындықтарының жанында жайнаған гүлдер анадайдан көрініп еріксіз көз тартады. Ауласында сол гүлдерге су шашып бір орыс жігіті жүр. Бір сөзбен айтқанда еңселі алтындай сары күмбезді храм тазалықты паш етіп тұр.

Еріксіз Төретамдағы қазақ мешітінің шөлден қурап әр жерде сойдиған талдары есіңе түсіп іштей қынжыласың. Сонымен такси шіркеу тұсына келгенде аула ішінен шыққан сақалды орыс жігіті таксиды тоқтатты да жүргізушімен биязы амандасты қасындағы ере шыққан орыс әйелдің жанында тұрған сымбатты қазақ қызды көрсетіп:

«Брат пожалуста довезите её до дома» деді де таксидің ақшасын өзі төлеп қолынан демеп артта отырған менің қасыма отырғызды да: — » улица Мира 13 — деп қыздың адресін айтып қалып қойды.

Шағын денелі қазақтың көркем қызы сәнді киінген, қолындағы ұстаған сумкасы да өрнекті әдемі екен. Үстінен жағымды хош иісті әтір исі сезіледі.

Мен жайымен:

«Қазақша білемісің» деп сұрап едім

«Иә» деп күлімсірей жауап қатты.

«Ендеше қарындасым мына шіркеуде неғып жүрсіз» деп едім ол біртүрлі ренжіп қажыған дауыспен:

«Аға сіз осы сұрақты маған қоймағаныңыз дұрыс еді. Менің жағдайымда жалған патриоттық неге керек. Сіз сұрадыңыз мен енді мұнда неғып жүргенімді айтайын. Біз ағамыз екеуміз аштан өліп бара жатқанымызда қай қазақ қолын созды.

Орыстың үйіне жоламаймын деп осындағы қазақ үйлерін жағалап қайыр сұрадым, біз ата анадан ерте айырылған жетім едік. Сол кезде кейбір қазақ жігіттері маған » квартираға кір» деп мазақ қылатын еді.

Қазақ басшылардың да, мешіттің де босағасынан сығаладым, ешкім бізді адам демеді. Сөйтіп жылап жүріп бір күні көшеде сандалып келе жатып әлім бітіп бір талдың көлеңкесіне отыра қалдым.

Бір кезде қос тіземе сүйеген басымды бір жұмсақ қол жайымен көтерді. Бұлдыраған көзімнің алдында сақалды орыс жігіті күлімсіреп маған еңкейіп қарап тұр екен.

«Жүріңіз жеткізіп салайын» деп қолымнан демеп қара джип машиасына отырғызды да «қайда барасыз» деп сұрады. Мен бұндай қайырымды жанды кездестірмегенмін көзімнен жасым да, дыбысым да шықпай қалды. Ол машинасын тоқтатып түріме барлай қарады да менің сөйлей алмай отырғанымды байқап қайта сұрақ қоймай шіркеуге алып келіп бір әйелді шақырып алып мені тапсырды.

Ол әйел асты, үстіме түсіп жуындырып тамақ берді. Сонымен менің бар жағдайыма қаныққан поп (мені әкелген сақалды орыс жігіті) бар жағдайымды жасады. Шіркеудің тазалығына қарағаным үшін тұрақты айлық төледі Ағамды госпиталға жатқызып емдетті. Сол жігітпен бірге бізге бақ келгендей болды.

Өзімді киіндіріп дәрігерге көрсетіп, қала басшысымен өзі сөйлесіп жылдар бойғы жиналған еоммуналдық қарызымнан құтқарды. Маған артық жұмыс істетпейді. Шіркеу қызметкерлері өте ілтипатты, жаңағы таксиге мінгізген жігіт Поптың өзі, қасындағы орыс әйел бәріміздің үстімізден қарайды.

Ағам жазылып кеткесін организацияның басшыларымен сөйлесіп жұмысқа тұрғызамын деді. Олар көпіріп көп сөйлемейді олар айтқанын орындайды.

Маған не керек енді арасында «сізді өзіміз үйлендіріп тойыңды жасаймыз» деп қалжыңдайды. Несі бар есімді жидым қазір оған да дайынмын қазақ болғанымда мені кім еледі» деп қазақ қызы сөзін аяқтады.

Бұл кезде таксист қазақ жігітіде машинасын баяу жүргізіп біздің әңгімемізді тыңдап келе жатты, Сөйткенше адреске келіп жеттік жүргізуші жігіт те кішкене болса да жақсылық жасағысы келді ме, ақшасын қайтып беріп подьезге дейін шығарып салды.

Бұл баяғы қайыр сұрап келген кейін таба алмай жүрген мен көрген қазақ қызы еді. Қайтып келе жатып жүргізуші:

» Ау, аға біз кім болып бара жатырмыз қазақ құр қызыл сөзбен көпіргені болмаса осындай қаракөздеріміз көшеде каншамасы қалып жатыр» деп күрсініп қойды. Мен ауыр зіл басқандай үндемей басымды шайқай бердім.

«Біз қайда барамыз»… Біз кімбіз осы» осы ой еңсемді езгендей………

Автор: Айдос ЖОЛДЫҚОЖАЕВ.

Матерал — интернет иірімдерінен.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.