QAZBILIM-нің жетекшісі, белсенді педагог Аятжан Ахметжанұлы бүгінге дейін басынан өткен қиындықтары мен қателіктерін айтып, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"QAZBILIM жобаларының өмірге келгеніне 12 жылға жуықтады. Нөлден басталған, өзімнің күшіммен көтерілген компания 2023 жылдың соңына дейін үздіксіз дамумен келді. 2024 жылдың соңынан ауыр күндер басталды. Тура бір жылдан асты, өте ауыр күйді бастан кешіріп келемін.
Бір жылда 2500–3000 түлекке дейін түлетіп ұшырып, жалпы 13 мыңнан астам оқушыны грантқа түсірген, 12 қалада білім беру орталығы, 8 қалада 9 ұлттық мектепке жеткен, 250-ден аса оқу-әдістемелік құрал шығарып, үлкен айналымға жеткен компанияның дәл қазіргідей қиын күйге тап болуының басты себебін бәріңіз білесіздер деп ойлаймын.
Бірақ, өткенде бір бауырларым: "Аға, жобаның тығырыққа тірелуінің сыртқы себептен екенін білеміз, сіз көрген қуғынды ешкім көрмесін.
Ал жобаны дамытуда өзіңізден қандай қателік кетті?" — деп сұрапты. Сендер білетін соққылар — жай ғой, көп нәрсені қазір айта алмаймын, айтатын уақыты келеді деп ойлаймын. Ал өзімнің қателігім...
Жауап бере кетейін.
Ең бірінші қателігім — ұлтымды, тәуелсіз елімді сүйдім де, сол үшін елдегі білім саласы, ұрпақ тәрбиесі, тіл мен ұлт мәселелерінде ешқашан үнсіз қалмай, ақты — ақ, қараны — қара деп жазуым.
2012 жылы жас маман Аятжан ретінде «Оқулық олқы болса, оқушы қайдан оңады?» деген мақала жазыппын. Содан бері білім мен ғылым саласы, ұрпақ тәрбиесі, ұлт және тіл тақырыптарында 170-тен аса мақала жазып, 200-ге жуық сұхбат беріппін. Дәл осы мәселелер үшін алғаш рет 2015 жылы қуғын көріп, содан бері таяқ жеп келе жатыр екенмін. Сөзім мен ісім қатар болсын деп 24/7 еңбек етсем де, ешқашан ұлттық мәселелер мен білім саласына бейжай қарамауым — дұшпанымды көбейтіп, кедергімді еселеп тастады. Атам қазақ: «Кө* қысқан бай болады» — демей ме? Онда, менің ең үлкен қателігім — “қыспауым” болды.
Екінші қателігім — мемлекеттік саясатқа тұрақты болады деп сеніп қалуым. Алғаш QAZBILIM ұлттық лицейлер желісін ашуды бастағанда, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-мен 10 жылға келісімшарт жасалды.
Келісімшарт бойынша жан басына қаржыландыру тұрақты болады деп сендік. 2022 жылы алғашқы мектепті ашқаннан бастап 2023 жылдың қарашасына дейін әр айдың 26–28-і аралығында қаржы түсетін, кешіккенде 30–31-і, біз де айдың соңғы күніне дейін жалақы таратып, алаңсыз отырдық.
Бірақ 2023 жылы қараша қаржысы кешіге бастағаннан бастап кредитке ұрындық, ол кіреді «ит қылды». Сонымен қарызға беттедік, экономикалық тығырыққа тірелдік.
Әуелгі қаржылық жоспарды жасағанда мемлекеттік қолдау жоқ деп ойлап жасалу керек еді. Ата-ана төлемі аренда мен күнделікті шығынды жапса, мемлекеттік төлем жалақыны жабады деп, алаңсыз тірлікке кіріп кеттік. Өкінішке, министрліктегі адамдардың ауысуы шешімдерді өзгертті. Ал шешімдердің өзгерісі — білім саласында жоба жасаған мен секілді қаншама жанды тығырыққа тіреді. Кәсіп жасасаң, ешкімге сеніп қалуға болмайды екен — түсіндім. Осы кезде Шыңғыс Мұхан ағамның: «Мемлекет — нашар менеджер ғана емес, нашар серіктес» — деген сөзі ойыма келе береді.
Үшінші қателігім — 12 жылда басты күшімді қаржылық тәуелсіздікке, жағдайымды реттеп, қор жинап алуға салмай, бар күшімді тек әдістемелік блокқа салып жіберуім.
Бар мақсатым — мықты білім беру жүйесін жасаймын дедім де, мұғалімге, әдістемеге бар күшімді салып, қаржылық блокты өзінен-өзі реттелетін екінші орынға қойыппын. Иә, 97% оқушы грант иегері атанатын, ашыла сала ең бірінші жылы "Ең үздік жекеменшік мектеп" деген марапатқа ие болдық.
Мәз боп, одан әрі кірісе бердік әдістемелік бағытқа. Өкінішке, қаржылық блок сынғанда қаншама еңбекпен жасалған әдістемелік блоктың сапасын ұстап тұру өте қиын боп кетті.
Төртінші — бизнес жоба ретінде қарамай, әлеуметтік жоба ретінде қарауым. Әр жылы сәл жағдайым жақсы болса, 100-ден 400-ге дейінгі оқушыға грант беріп, тегін оқытып, өзімді шығынға батыруым. Мұғалімдерге де премия мен сыйлықты көбейтіп, мемлекеттік жүйеден де артық жағдай жасауым. Иә, жақсылық жасауға болады, бірақ көрпеме қарай көсілуім керек еді. Өкінішке, бір қазақтың баласының болса да жұлдызын жақсақ деп көмектестік. Есесіне, қаржылық жағдайды ауырлатты.
Дәл қазір үлкен сынақ алдындамын. Бәрін түсіндік, бәрінен сабақ алдық. Дәл қазіргі мақсат — инвесторлар тауып, жобаның шаруаларын реттеп, жаңа қаржылық модель жасау. Алла соған жеткізсін!
Мен ұлтымды, елімді шексіз сүйемін. Сол үшін елге келдім, сол үшін еңбек еттім. Сөйлесем — сол үшін сөйлеп, шырылдасам — сол үшін шырылдадым. Жеке басым үшін емес, елдің жайы еді.
Ешқашан ешқандай саяси топтарға, қоғамдық бірлестіктерге қосылмадым. Ешқандай саяси партияға мүше болмадым, өз саламнан тыс салаға жоламадым. Жолау ойым да жоқ. Белсенділігім — жеке мақсатым емес, шын жанашырлығым еді.
Бар мақсатым — қазақ баласына сапалы білім беру, қазақ тілді білім кеңістігін дамыту. Еліміздің білім саласындағы олқылықтардың түзелуіне атсалысып, жан-жақты дамуына бір кісілік үлесімді қосу еді. Сол мақсатта еңбек ете беремін.Бірақ, біреулер әр сөзімнен астар іздеп, әр жаққа мен туралы, менің ұстанымдарым туралы құшақ-құшақ хаттар тасиды екен. Аман болсын.
Бұйырса, 2026 жылды сәтті бастадық. Біраз нәрсені шетінен реттеп келеміз. Біраз нәрсені реттедік, біраз нәрсені реттеудің жүйесін жасап жатырмыз. Қиындықтар ақырындап шешіліп келе жатыр.
Бұйырса, алдағы айда QAZBILIM ұлттық лицейлері атын өзгертемін деп шешіп отырмын. Білім мен тәрбие беру концепциясы өзгермейді, бірақ атына өзгеріс жасаймын.
Қазірге қалай өзгертуді ойланудамын, әр түрлі ұсыныстар бар. Мүмкін жай ғана “QAZBILIM мектеп-лицейі” деп қалдырармын. Мүмкін мүлде жаңа атауға ауыстырамын. Қазірге әр түрлі ой бар. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Баспада шығуға тиісті қаншама кітаптарымыз жатыр — қаржы күтіп, қаншама идеялар тұр іске асатын. Соның бәрін жасайтын күн туады деп сенемін.
Қолдарыңыздан келсе, қолдап қойыңыздар. Тым құрыса, кім болсаңыздар да кедергі жасамасаңыздар екен. Бізде бір түйір жаман ниет жоқ, не істесек те — ұлт игілігіне деп жүрміз!
Солай, достар!
Жақсы күндер алда келеді деп сенемін!
Маған сенген ата-аналар, маған сенген ұжым бар. Біз істейтін тірліктер — алда!"деп
жазды Аятжан Ахметжан.