Әлеуметтік желіде Әсет Ақмолданың парақшасында марқұм Заманбек Нұрқаділовтің ерекше естелік жазбасы жарияланып, жұрттың қызу талқысына түсті деп жазады Democrat.kz.
Естелікте: "Коммунистік партия таратылып, арада бірнеше апта өткен соң, менің кабинетімдегі жоғары басшылармен жалғанған арнайы телефон шырылдай жөнелді.
– Заманбек, қалқам сен бе? – деген жақсы таныс дауыс естілді. Сол мезетте орнымнан қалай тұрып кеткенімді байқамай қалдым.
– Саламатсыз ба, Димаш Ахметұлы! Денсаулығыңыз жақсы ма?
– Денсаулығым ба, әзірше жаман емес.
– Хал-жағдайыңыз жақсы ма? Сізге менің көмегім керек пе?
Телефонның ар жағынан Димаш Ахметұлының күлкісі естілді.
– Мүмкін көмектесе алатын шығарсың.
– Димаш Ахметұлы, сіз айтсаңыз болды. Не керек, бәрін жасаймын.
– Рахмет, Заманбек. Менің саған телефон шалғандағы себебім мынау. Сен білесің ғой, партияның Орталық Комитетін таратып жіберген соң, Орталық Комитеттің іс басқаруы да жұмысын тоқтатты. Сонымен бірге, менің «Волгамды» да бір жаққа беріп жіберді. Немере інімде «Жигули» бар. Ол көлікке отыру үшін менің жасым мен бойыммен біраз қиналуға тура келеді. Маған «Волга» сатып алып беруге көмектесер ме едің?
– Айтқаныңыз орындалады, Димаш Ахметұлы. Бүгіннен қалмай өзіңіз айтқан көлікті аласыз.
– Өте жақсы болды. Ал, ақшаны саған немере інім Дияр әкеліп береді.
Мен сол мезетте «Казавтомобильдің» басқарушысына телефон шалдым. Одан мемлекеттік бағаға «Волга» бар ма деп сұрадым. Ол маған түсініксіз сылтауларын айта бастады. Мен оны бірден орнына қойдым.
– Бір сағаттан соң Димаш Ахметұлының үйінің алдында кілтімен бірге «Волга» тұрсын. Мені түсіндің бе? Сендер мені білесіңдер! – дедім.
Арада бір сағат немесе қырық минуттай өткен шығар, көлікті Димаш Ахметұлы тұратын үйдің алдына апарып қойды. Кейінірек Қонаев маған телефон шалып, өзінің рахметін айтты. Одан соң, мен қайран Димеке, қалайша біз сіз туралы ұмытып кеттік деп ойға қалдым…"деп жазылған.
Естелік жазбаға қатысты жұрт марқұмдардың ерекше азамат болғандарын айтып, "қазақтың маңдайына біткен асыл тұлғалар" деп игі тілектерін жаудыруда.