Экс-премьер Әкежан Қажыгелдин Қазақстандағы активтерді қайтару науқанының соңы сиырқұйымшақтанып кеткенін қатаң сынға алды. «Новая газетаға» берген сұхбатында ол «Ескі Қазақстанның» капиталдарын қайтару процесі бастапқы мәнінен ауытқып, биліктің олигархтармен өзара мәмілеге келуіне ұласқанын айтты деп жазады Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Қажыгелдиннің пайымдауынша, егер Ақорда шынайы тергеу жүргізу ниетінен таймағанда, халықаралық заңды тетіктердің көмегімен Назарбаев отбасының ондаған миллиард долларын небәрі алты ай ішінде елге қайтаруға болар еді.
Алайда, ресми Астана бұл қадамнан бас тартып, активтердің шығу тегін анықтаудың орнына «достық келісімдер» жолын таңдаған.
Саясаткердің айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін ұсынылған реформалардың басты мақсаты елде азаматтық соғысқа жол бермей, әділеттілікті орнату болатын.
Ол үшін алдымен «Отбасының» уысындағы қаражаттың қайнар көзін анықтайтын ашық тергеу қажет еді. Нақты айғақтар болған жағдайда билік әулетке өткір сұрақтар қоя алар еді, бірақ капиталдың нақты ауқымы зерттелмей қалды.
Мәселен, Қайрат Сатыбалдыдан 2 млрд $ қайтарылып, оның түрмеден босатылуы немесе Тимур Құлыбаевпен жалғасып жатқан келіссөздер биліктің жүйелі тергеуден гөрі жекелеген мәмілелерге мүдделі екенін көрсетеді.
Бұл ретте Әкежан Қажыгелдин Рахат Әлиевке қатысты шулы деректі алға тартты. Оның сөзінше, Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Австрияда елші қызметін атқарып жүргенде, дипломатиялық артықшылықтарын пайдаланып, қызметтік көлікпен 50 млн еуроны Лихтенштейн банкіне жеткізіп, жеке шотына салған. Экс-премьер бұл және өзге де заңсыз байыған фактілерді Ақорда мен шетелдік құқық қорғау органдарына жолдағанын айтады.
«Егер Президент пен оның айналасы осы істерді түбіне дейін ақтарса, бүкіл пирамиданың шайқалатынын түсінді, сондықтан тергеуден әдейі бас тартты»,-дейді ол.
Сонымен қатар, Қажыгелдин қазіргі үкімет құрамындағы ескі кадрлардың реформаларды тежеп отырғанын сынға алды.
Оның пікірінше, Қаңтардан кейін жаңа саяси элита қалыптасуы керек еді, алайда ескі жүйенің шенеуніктері әлі де ықпалын сақтап отыр.
Қалыптасқан тығырықтан шығу үшін ол Президентке халықпен ашық әрі тікелей диалог орнатуды, тіпті ауқымды Zoom-конференциялар арқылы балама реформаларды талқылауды ұсынды. Қазіргі биліктің ең басты кемшілігі шешуші сәтте нақты әрекеттен қашып, мәселені келісіммен бүркемелеуі. Мұндай саясаттың салдары ұрланған миллиардтардың офшорда қалуына, жемқорлықтың жалғасуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсармауына әкеп соғады.