Әлеуметтік желіде дәрігер Ақмарал Досымбетқызы еліміздегі қазіргі білім саласындағы олқылықтар мен түйіні тарқамай тұрған кей проблемалар төңірегінде жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Қазақстан педагогтарының төңірегінде дау көбейіп барады. Саланың сырын егжей-тегжейлі ұқпасақ та, қоғамның өкілі ретінде азаматтық пікір білдіру әбестік емес шығар.
Аттестациясы туралы ауыз ашпаймын. Себебі, ол туралы толық түсінбеймін.
Ал енді сенбілікке келсек, жалпы елімізде "Мұғалімдерге арналған сенбілік" деген бөлек дүние жоқ секілді. Бүкілхалық боп сенбілікке шыққанда, бұл мамандардың тыс қалуы біртүрлі емес пе? Сенбілік деген өзіңіз жүретін территория мен өзіңіз жұтатын ауаның тазалығының кепілі. Ендеше, оған мәжбүрлеп емес саналы түрде қатысу саналы адамның ісі деп білемін.
Ал басқа тұрғыдан мұғалімдердің тікелей құзіретіне кірмейтін дүниеге қатысты мәжбүрлеп жұмсау қателік болар. Себебі, қазіргі таңда кейбір педагогтар өзінің тікелей жұмысымен айналыса алмай жүрген секілді.
Мен ұстаздарды құрметтейтін, ата-аналардың өз жауапкершілігін мұғалімнің мойнына артып тастауын түсінбейтін, мектеп пен балабақшаға бар міндетті жүктей салуды дұрыс емес деп есептейтін тұлға ретінде мына нәрсені ұғына алмай жүрмін.Неге қазіргі оқушыларға негізгі базалық білімді сіңіруге мұғалімдер қабілетсіз?
Неге әрбір үшінші бала қосымша сабаққа/репетиторға баруға мәжбүр?
Қазіргі оқушылар үш жақтап оқытпаса, яғни негізгі мұғалімі, қосымша мұғалімі және ата-анасы оқытпаса, білімді сіңіре алмайтындай сауатсыз әрі қабілетсіз бе?Егер бала қай бір саланы тереңдеп меңгеруге мұқтаж болса, яғни өзіне қажет деп есептесе, мектептен тыс бағдарламаларды меңгеруін, тіпті, ақылы түрде болса да қосымшаға баруын түсінемін және құптаймын. Мысалы, ағылшын тілі, тереңдетілген математика, вокал, т.б.
Бірақ қарапайым мектеп бағдарламасын, әріп тануды, әріп айтуды, әріп салуды, әдемі жазуды, сауатты жазуды, қарапайым арифметиканы - бастауыш білімді, орыс тілі мен ағылшын тілінің әліпбиі мен сөз жаттауды, сөйлем құрастыруды балаға мұғалімнің меңгерте алмауы абсурд емес пе? Әлде бұл қалыпты жағдай ма?
Егер мектеп бағдарламасы, мектепте меңгермейтін болса, баланы 6-7 сағат мектепке жіберуде не мән бар деген де ой келеді кейде.
Барлық мұғалім осындай демеймін. Бірақ, оқушыны репетиторға сүйреу тенденциясы қанат жайып барады.
Ата-анасы ақы төлегесін, баланы оқуға мәжбүрлейді деген уәж айтатын болар кейбіреулер. Мүмкін. Бұл фактіні де жоққа шығара алмаймын.
Бірақ, барлық ата-ана қалтасының қалыңдығынан бала оқытып жүрген жоқ. Баласы ең болмаса арифметиканы біліп, сауатты жазса екен деген талпыныс.
Келесі мәселе, ата-аналар жиналысында педагогтардың ата-аналарды тәрбиелеумен айналысуы.
Психологиялық тренинг өткізу, қол ұстасып, құшақтастыру. Негізі, педагог оқушы психологиясымен айналысқаны абзал.
18 жасқа толмаған оқушыны тәрбиелей алмағанда, кәмелеттік жастан асқан ата-ана баласының жиналысынан тәлім алып кетеді дегенге сену де қиындау. Жиналыста баланың үлгерімі, балаға қатысты өзекті мәселе айтылса құба құп. Ал мектеп психологтары бала психологиясын зерделегені жөн. Сонда балта алып шабу мен пышақтаулар болмайтын болар. Қазір өзі әр оқушыға мінездеме жазатын мұғалім бар ма екен? (Мектеп психологтары туралы тереңірек тағы бір пост жазам, бұйырса...)
Айтқым келгені, мұғалімдерді оқушыға білім беріп, сауатын аштырып, сабақ меңгертетін және оқушыны тәрбиелейтін негізгі қызметінен айырмасаңыздар екен.
Әйтпесе, бұл мамандар қосымша қызметтің қоршауынан шыға алмай жүргендей...
Өзгені білмейтінім анық, өзіміз 25 оқушыдан
8 сынып боп 400 оқушы бір жылдары оқыдық. Сол 400-дің 80 пайызы сауатты жазатын. Тіпті, таза үшке оқиды деген баланың өзі қарапайым сөздерді қатесіз жазушы еді. Сол сауаттылықтың арқасында, қазір уатсапта қайта қауышқан топта да қателікті көп көрмейміз. Ал қазіргі оқушылардың чатын оқысаң, қателіктен сүрініп, аяқ алып жүре алмаймыз. Біз қосымша сабақтың түрі тұрмақ, атын естімедік. Сонда біздің мұғалімдер қалай оқытты екен бізді?
Ал сіз не айтасыз, оқырман?
P.S.Құрметті педагогтар, мен сіздерді қаралап жатқам жоқ, өзім ұғына алмайтын мәселені ортаға салып отырмын.
Сондықтан бұл сыни жазба болса да, ашуланбай қабылдарсыз. Мұны сын деп қабылдасаңыз, түзетуге тырысарсыз. "Бос сөз" деп білсеңіз, өз уәжіңізді келтірерсіз.
Мүмкін менің көзқарасымды өзгертер бұлтартпас уәжіңіз болар. Қайткен күнде де сауатты пікірталаста ақиқат ашылады", деп
жазды Ақмарал Досымбетқызы.