Білім саласында ұрланған миллиардтар: Түрлі реформа авторларын жауапқа тарту керек

Білім саласында ұрланған миллиардтар: Түрлі реформа авторларын жауапқа тарту керек
Алланың сүйген құлдары, ислам қағидаларын бойына әбден сіңіріп өскен жандар үшін өлім дегеніңіз соншалықты қорқынышты емес дейді дін білетіндер. Оларға, яғни әулиелерге екі дүниеңіз бірдей дейді. Алайда, елдің бәрі әулие емес. Өзекті жан өлімнен қорықпай тұрмайды, қорқады. Өлімнен қорыққандықтан да мағыналы өмір сүргісі келеді.
 
Адамның өлімнен кейінгі қорқатын нәрсесі - түрме. Түрмеден қорыққан адам барынша қылмыстан аулақ жүруге тырысады. Қылмыс жасауға түрмеге түсіп қаламын ба деп қорқады. Ал, енді айналасы түрмеге түсе берсе, түсе берсе, адамдарға түрме дегенің соншалықты қорқынышты болмай қалады.
 
 Себебі ол түрмеге өзі танитын Пәленше де түскен, кеше ғана аты жақсылардың қатарында айтылып жүрген Түгенше де пәлен жыл отырып келген. Соларды көре-көре түрме деген сөзді естігенде басында денесі тітіркенгенімен, келе-келе ол сөзге бойы үйренеді. Қорықпайтын болады.
 
Ешнәрседен қорықпаған адам Құдайдан да қорықпайды. Бәлкім біздің әулие ата-бабаларымыздың түрме салмағанында осындай да гәп жатқан шығар. Кім біліпті...
 
Біз қазір өлімді білмеймін, түрмеден қорықпайтын болдық. Бұрын біреу, мейлі ол кім болса да, сотталыпты дегенді естісек, "алда, байғұс-ай, ә" дейтінбіз. Өзіне де, бала-шағасына да біртүрлі жанымыз ашып тұратын. Қазір біреу сотталыпты дегенді естісек, әлеуметтік желі арқылы сүйіншілететінді шығардық.
 
"Сауап болыпты, өзіне де сол керек!", "бұларды аямау керек, түрменің түбінде шіріту керек!" Қазіргі айтылып жүрген әңгімелер осы. Алайда, одан - елдің бәрін түрмеге тоғытудан коррупцияның жолы кесілетін түрі байқалмайды. Коррупцияның жолы кесілмейтіні - адамдар түрмеден қорқуды қойған.
 
Біз әйел демейміз, еркек демейміз, жас демейміз, жасамыс демейміз, түрмеге тоғыта береміз, тоғыта береміз. Қылмыс неліктен орын алды, оның астарына үңілмейміз.
 
Негізі, коррупциялық қылмыстардың орын алуына анау жоғарыда отырғандардың өздері жағдай жасап беріп отырған жоқ па? Осы сұрақтың жауабын іздеген кім бар?
 
Кеше ғана Түркістан облысының білім саласында қызмет атқарған пәленбай адам тобымен сотталды. Сотталғандардың біразы - әйелдер. Біз бәріміз әдеттегідей "сауап болыпты" деп шу ете қалдық. Дұрыс әңгіме Батырбек Кошербайдың аузынан шықты.
 
 Ол мемлекет қаражатының талан-таражға бақылау болмағандықтан түскендігін айтты. Себебі қазір аудандық білім бөлімдері бұрынғыдай аудан әкімдіктеріне емес, облыстық білім басқармасына бағынады.
 
Ал, облыстық білім басқармасы мамандары өңірдегі пәленбай мектепті бақылап отыруға басқасын айтпағанда, физикалық тұрғыдан да үлгермейді.
Біздің де бұл мәселені көтергенімізге біраз болған. Жаздық. Алқалы жиындарда айттық. Астанадан келген ақ жағалылардың алдында да "мынау дұрыс емес қой" дедік.
 
Тағы да айтайық, аудан әкімдерінің қолынан көптеген бөлімдерді алып, облыстық басқармалардың бағынысына беру өте қате шешім болды. Әсіресе білім бөлімдері аудан әкімдіктерінің қарауында болуы керек еді. "Осылай болуы керек еді" деуіміздің мыңдаған себебі бар.
 
Мәселен, Құдай қатты боранын, дауылын жіберемін десе, сізбен ақылдаспайды. Сондай табиғаттың оқыс жағдайы орын алып, ауылдағы мектептің шатырын ұшырып әкетті делік. Мұндай жағдай орын ала қалса, бұрын аудан әкімдіктерінде төтенше жағдайларға деп бөлінетін қаражат болатын.
 
Олар тез іске кірісіп, бір ай, екі айда мектептің шатырын қайтадан орнына келтіріп қоятын. Қазір ол ақша облыстық білім басқармасында. Егер бір мектептің шатыры ұшып кетсе, не қыстың күні жылу батереялары жарылып кетсе, басқарма тез іске кірісіп кете алмайды.
 
Себебі, әуелі ол жұмысты істеуге конкурс жариялайды, одан жеңімпаздың есімі анықталуы керек, олар соттасып жатса, уақыт тағы созылады. Сонымен, бір оқу жылы тәмамдалады.
 
Ауылдағы мектептердің директорларын да өздері құрған комиссияның таңдауына сүйеніп, облыстық білім басқармасы тағайындайды. Ана комиссияның құрамына бір мәслихат депутатын, бір-екі партияның өкілін, өздерінен даусы зор бірлі-жарым қоғам белсендісін, әлеуметтік желілерге пост жазбаса, өмірінде мақала жазып көрмеген журналисті, тағы басқаларды ендіреді.
 
Өмірінде педагог болып істеп көрмеген осылар мектеп директорын таңдайды. Ертең таңдаған директорлары бір нәрсеге шатылып жатса, бұлар жауап бермейді. Ал, бұрын аудандық білім бөлімінің басшысы жауапкершілікті өз мойнына алып, директорды өзі тағайындайтын.
 
Тағайындаған кадры тәртіп бұзса, басымен жауап беретін. Білім бөлімінің басшысы өз ауданындағы 30-40 мектепте директордың кім екенін, директордың орынбасары кім екенін, кімнің жаңашыл мұғалім екенін беске білетін. Облыстық білім басқармасының басшысы, қосшысы өңірдегі мыңнан астам мектептің директоры кім, орынбасары кім, жаңашыл мұғалімі қайсы, оның бәрін қайдан біледі?!
 
 Білсе, басшыларға "мына директорыңды қайдан алып келсең, сол жерге қайтып апарып таста!" деп айқайлап тұратын "белсенді мұғалімді" білетін шығар. Сонда не болды?
 
Қаражат мәселесін бақылау да осындай "реформалардың" салдарынан мүмкін болмай қалды. Бұрын мектептер аудандық білім бөлімдеріне керегін айтып, өтінімдер тастайтын.
 
Ол осылардың бәрін жинап, аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасарына кіретін. Осылайша өзі аз ақшаға қатаң бақылау болатын. Қазір аудандық білім бөлімінің басшысы әкімнің орынбасары түгілі әкімнің өзіне сәлем бере қоймайды, ал, облыстық білім басқармасы сонша ауданның қаражатын, несі барын, несі жоғын дембіл-дембіл тексеріп отыра алмайды.
 
Бақылау жоғалған жерде көп нәрсе жоғалады, бірінші кезекте қазаннан қақпақ кетеді. Оның салдары Оңтүстіктегідей, Жетісудағыдай пәленбай адамның сотталуына әкеледі. Тіпті бұлардың ішінде өз-өздеріне қол салғандары да бар. Сонда бұл "реформа" осы үшін керек болды ма?
 
Біздің "қылмыстың орын алуына жоғарыда отырғандардың өздері жағдай жасап беріп отырған жоқ па?" деуіміздің себебі осы. Өйткені осы "реформаны" жасаған қарапайым мұғалім, қарапайым мектеп бухгалтері емес қой. Олар қылмысты болса, ашық тұрған қазанды көргенде нәпсілерін тия алмағандықтан қылмысты болды.
 
Ал, қазанның қақпағын ашық тастап кеткен, оның салдары пәленбай адамның сотталуына әкелген "реформаның" авторы қайда? Бірінші кезекте осы "реформаны" өмірге әкелген министр жауап беруі керек емес пе?!
 
Министр деген әр қадамын ойланып жасамас па?! Министр деген елге жаны ашымас па?! Ал, ол елдің ішінде кешегі сотталып кеткен әйелдер де бар емес пе?!
Ал, біз "білім саласының пәленбай адамы сотталып кетті" деп шу-шу етеміз.
 
Шындап іздесе бұдан да көп сотталуы мүмкін. Себебі, олар қазанның қақпағын ашып тастауға арналған "реформаның" кезінде ешнәрседен қорықпай жұмыс істеді.
 
Қазанның қақпағын сол кезде жоғарыдағылар ашып берді. Ендеше, қазанның қақпағын ашып берген адам жауап берсін! Қазақтың бір сәт жолдан тайған қарапайым әйелдерін, азаматтарын сосын-ақ соттап үлгерерміз.
 
Абай БАЛАЖАН, журналист. 
Барлық жаңалықтар