Бұл - халықты тонаудың жаңа схемасы емес пе?

Бұл - халықты тонаудың жаңа схемасы емес пе?

Жақында Парламентте маңызды бір мәселе көтерілді. Ол лентадан жалпылама ақпараттың бірі ретінде өте шықты. Дұрыстап үңілсеңіз, бұлардың халықтың қалтасына түсуді доғаратын түрі байқалмайды. Әділетті Қазақстан құрамыз дегені қайда?

“Оператор РОП” деген аббревиатураның айналасында қатты дау болғаны естеріңізде шығар. Мемлекет қабылдаған заң мен ережеге сүйеніп, қаражатты мемлекет қазынасына емес жеке қалтасына салып отырған ескі жүйенің жалмауыздарын ұмыта қоймады жұрт. Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар құтылған еді ол кезде. Енді тағы сондай схемамен қомақты қаражат жасауға қамданып отырған топ әшкере бола бастады. Бұл жолы көлік емес ұялы байланыс және ойын бизнесі саласында көлеңкелі кәсіпті “заңдастыру” жүріп жатыр, деп дабыл қақты депутаттар. Әңгіме “прокладка компаниялар” (бұл туралы төменде түсінік беремін- авт.) арқылы қомақты қаржыны бюджетті айналып өтіп, жеке қалтаға түсіретін құйтырқылық жайында. Жуырда Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы осы бір күмәнді бастаманы депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдады. Оның сөзіне қарағанда, әлгінде айтқан РОП сияқты схеманы Цифрлық даму министрлігі алға тартып отыр. Министрліктің ұсынысы бойынша, Қазақстанға кірген әрбір смартфоннан 4 мың теңге көлемінде төлем алынбақ. Бірақ ол ақша бюджетке емес, жеке компанияның шотына түсіп отырады. Депутаттың айтуынша, Парламентке азаматтар мен кәсіпкерлерден шағымдар әлі де түсіп жатыр. Олар жақында ғана енгізілген жаңа жүйеге алаңдаушылық білдіруде. Мәселе былай: Қазақстанда телефонды IMEI-кодпен тіркеу жүйесі бұрыннан бар. Алайда, бұған дейін верификация процедурасы ақылы қызмет ретінде жеке компания есебінен жүзеге асырылған емес. Сала өкілдерінің дерегіне сәйкес, елде шамамен 12 миллион мобильді құрылғы “көлеңкелі айналымда” жүр. Яғни олар тиісті түрде тіркелмеген. Енді заң бойынша тіркелуі керек. Әйтпесе өшіріледі. Ал бір құрылғыны верификациялау құны – 3 932 теңге. Шамамен 4 мың. Сонда есептей беріңіз. Қанша қаржы жеке қалтаға кетпек?! Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де дәл сондай схеманы іске қоспақ болғаны туралы мәселе қоғамда талқыланды. Блогерлер де, БАҚ та жазды оны. Туризм мен спорт саласына бөлінетін қаржы да жеке компания арқылы басқарылмақшы. Ол букмекерлік конторалар мен ойын бизнесіне қатысты астыртын бастамалар еді. Қоғамда ойын бизнесіне Ресейдің ықпалы артады. Жылдық айналымы 1 трлн теңгеден асатын саланы қазақстандық “Nomapay” ЖШС және ресейлік ЦУПИС басқарады, деген ақпарат желдей есті. Олардың арасында күмәнді келісімдер жасалып жатыр, деп дабыл қаққандар болды. Осы сыбыс шындыққа айналса, жоғарыдағы РОП, прокладка компаниялар сияқты бұл салада да салықтық түсімдер мемлекет бюджетін айналып өтетін боп тұр ғой. Ендеше Жаңа Қазақстан үкіметі мұндай астыртын схемаларға неге көз жұмып отыр? Мұндай ірі бизнестің артында кімдер тұр деген заңды сұрақ туындамай ма? Саяси ұйымдар, соның ішінде депутаттар букмекерлік компанияларды ауыздықтайтын заңды енгізе алды. Одан қалғанын шетелдіктердің қолына берсек, баяғы бәз қалпымызға түспейміз бе? Ақпарат үшін: Компания прокладка – бұл шын мәнінде ешқандай нақты жұмыс атқармайтын, тек қағаз жүзінде ғана бір бизнестің ішіне кіретін делдал фирма. Мұндай компаниялар көбіне қаржылық операцияға қатысушыларды жасыру үшін, қызметтің бағасын қолдан көтеру үшін, ақшаны офшорға шығару немесе қолма-қол қаражатқа айналдыру үшін, тендерде бәсекелестік бар сияқты етіп көрсету үшін керек. Мысал ретінде айтайық, мемлекет мектеп салуға 1 миллиард теңге бөледі. Бірақ мердігер компания бұл жұмысты басқа бір делдал фирмаға тапсырады. Әлгі «прокладка» шын мәнінде құрылыс жасайтын компанияны жалдап, соған 600 миллион төлейді. Ал қалған 400 миллион белгісіз бағытқа кетеді. Құжат жүзінде бәрі дұрыс сияқты, бірақ шын мәнінде – классикалық жемқорлық схемасы осы. Еее, де! Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар