Әлеуметтік желіде марқұм, ұлы актер Асанәлі Әшімовтің тағы бір естелік жазбасы жарияланды деп жазады Democrat.kz.
«Қыз Жібек» дегенде әрине, Сұлтан Қожықовты алдымен ауызға алады көпшілік. Сұлтекең сұрапыл еді ғой. Көңілінде бәлендей ештеңе болмаған шығар, дей тұрғанмен әу баста маған аса пейілді болмады.
Кейіннен фильм барысында жақсы түсіністік. Өнерде режиссер мен актердің бір-бірін түсініскенінен артық бақыт жоқ. Өзім де Бекежанға барымды салдым.
Сұлтекең түсірілім кезінде Әнуар, Құман үшеумізді баласындай бауырына басып, киіз үйде қасына алып жатып, көзден таса қылмай, қатаң қадағалады. Жаспыз ғой, түнде қыдырыстағымыз келеді. «Жатыңдар, ертең съемка» деп тырп еткізбейтін. Бірде оянып кетсем, Сұлтекең алдында күл салғышы толған, езуінде темекісі, қалың ойға батып отыр екен. Көп уақыт бақылап ояу жаттым. Ал Сұлтекең болса кірпік ілмейді. Не деген тұңғиық терең ой, не деген төзім!
Фильм жарыққа шыққаннан кейін, «Бекежан Төлегенді біраз тықсырып жіберіпті, Төлеген аса шықпай қалған» деген бір қисынсыз пікірлер де болды. Бекер сөз.
Қайта ол аға мен іні арасындағы сыйластықты да ұқтырған кемел көріністер еді. Жалпы фильмдегі рөлдерге актер таңдауда қателесу болған жоқ.
Бәрі өзінің рөлін үлкен кәсіби деңгейде орындап шықты. Фальш жоқ. Өте нанымды, табиғи ойнады. Мұның басты себебі, «Қыз Жібекке» бүкіл сорпа бетіне шығар ұлт элитасының ірі өкілдері, қаймақтары мен қаспақтары жабылды.
Міне, мен сол уақыттағы екі фильмнен кейін көшеде еркін жүруден қалдым. Тіпті таксистердің өзі ақша алмайтын. Абай айтқандай, «кімді көрсең бәрі дос». Бірде мынадай күтпеген жағдай болды. Бір азаматтармен танысып, қоймай қойған соң үйіне бардым, кәрі шешесі бар екен. Әлгі кісінің «мына жексұрынға қайдан жолығып жүрсің» деп жатқанын құлағым шалып қалды. Бұл әрине Бекежан бейнесінің соншалықты ел көңілін сендіріп тастағанын, шынайы шыққанын айғақтайды.
Бірақ кейде осынша ерте келген данқты қалай көтеріп жүрдім деп таң қалған сәттерім де болды. Танымал бола бастасаң достарың да, жауларың да көбейе ме деймін. Мен соны ерте сезіндім.
Достан гөрі дұшпаның көбейген сайын сен одан әрі қайралып, ширап, жанығып жұмыс істейсің. Өшіңді өнерден аласың. Менің ұстанған ұстанымым осы болды. Сірә, сол кездегі жастыққа тән желігу мен желпінулерден құтқарған да осы қасиет шығар" депті Асанәлі Әшімов өзінің кезекті бір естелігінде.