Олжас Бектенов медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді

Олжас Бектенов медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырысын өткізді деп жазады Democrat.kz.

Жиынға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКПбасшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты. 

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық денсаулық сақтау, фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту халықтың өмір сүру сапасы мен ұлттық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Адамға бағдарланған мемлекет қағидаты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституцияның негізгі өзегіне айналды. 

Яғни, адам капиталын дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылды әрі ол Ата заңда нақты бекітілді. Бұл, өз кезегінде отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін де тың тәсілдерді талап етеді», 

— деді Олжас Бектенов. 

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 209 отандық өндіруші тіркелген, оның 43-і дәрілік заттар өндірісімен, 166-сы медициналық бұйымдар шығарумен айналысады. Қазіргі таңда 31 қазақстандық тауар өндірушімен 2 мыңнан астам фармацевтикалық өнім түрін жеткізу бойынша 83 ұзақмерзімді шарт жасалған. 2025 жылғы желтоқсаннан бері 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 400-ге жуық дәрілік зат түрін шығару, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру және экспорттық әлеуетті кеңейту көзделген. 

Үкіметтің қолдауымен уәкілетті органдармен бірлесіп, бағаны кезең-кезеңімен реттеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл шара рецептсіз сатылатын 2,5 мыңға жуық дәрі-дәрмекті қамтыды, сондай-ақ құны 1 АЕК-ке дейінгі тағы 1,8 мың рецепт арқылы берілетін дәрі-дәрмек бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің талдауына сәйкес, биылғы 1 тоқсанда 631 дәрі-дәрмек түрі бойынша баға орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеуді жеделдету тетіктері пысықталуда, бұл олардың нарыққа шығу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. 

Дәрілік заттардың бағасын реттеу мәселелері бойынша фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Марина Дурманованың баяндамасы тыңдалды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрады, 2024 жылмен салыстырғанда өсім 8,7%-ға артқан. Нарықтық ерекшеліктерді ескере отырып, отандық препараттарға баға белгілеу жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды. 

«Еуразиялық медициналық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Сәуле Сатыбаева ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу мәселесін көтерді. Отандық өндірушілерге арналған преференцияларды күшейту және баға белгілеу бөлігінде ұзақмерзімді шарттардың тұрақтылығын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ отандық өндірістің бар екенін ескере отырып, дәрілік заттарды халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу тетіктерінің ашықтығына ерекше назар аударылды.  

Отандық медициналық техника өндірісін дамыту бойынша «Sintez-KZ медициналық холдингі» ЖШС директоры Игорь Рыбин ұсыныстар айтты. Аталған бастамалардың қатарында қазақстандық тауар өндірушілермен ұзақмерзімді шарттар жасасу практикасын жаңғырту, офтейк–келісімшарттарды енгізу және ҚР-да аккредиттелген сынақ зертханаларын құру бар.

Дереккөз: Үкімет

Барлық жаңалықтар