Қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың атын Алматыдағы Розыбакиев көшесіне беру керек деген бастама қоғамда әлі де қызу пікір талас болып жатыр. Осы мәселеге қатысты тарихшы, білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев өз пікірін білдіріп, өзге ұлт өкілдерін ренжітпеуге шақырды деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшасында тарихшы, белсенді педагог Сұлтан Сүлеев: "Қазақтар. Розыбакиев көшесін Шахановқа ауыстырудың артында не тұрғанын ойлаңдар. Шаханов халыққа көп пайдалы іс жасады. Дауым жоқ. Өзім де жазғандарын сүйсіне оқимын. Студент кезде Ленин сарайындағы кездесулерінен қалмайтынбыз.
Бірақ неге Розыбакиев көшесі? Тура осы Розыбакиеев сияқты совет үкіметін құруға атсалысқан қаншама азамат бар. Сәкен,Ілияс, Бейімбет,Ораз, Әліби,Мағазы т.б. Егер антикоммунизм болса осылардың атындағы көшенің біреуін ауыстыру керек. Немесе Колчактың етегінен ұстауға тырысқан алашордашылар ше?
Ұлтшылдық болса басқа әңгіме. Оған билік жол бере қоймас. 300 мың ұйғыр диаспорасын ренжітетіндей біздің билікті соншама тар ойлайды деп ойламаңдар. Стаканда дауыл тұрғызбай басқа жол іздеңдер. Гагарин көшесін ың-шыңсыз екіге бөлді ғой. Гагарин-Серкебаев аталады кәзір. Розыбакиевтен екі есе қысқа.
Мүмкін Розыбакиевты, немесе Сейфуллин көшелерін де екіге бөлуге болады. Екеуі де магистраль көшелер. Тым ұзақ. Розыбакиевты Абайға дейін бөлуге болады. Сейфуллинді Райымбектен екіге бөлсе де аз емес.
Рысқұлов ше? Өте ұзын. Райымбек сияқты.
Неге көше ? ЖОО, мектептер , микрайондар . Анау Орбита дегенді тегі түсінбеймін. Немесе Каменское Плато. Мен тұратын жер. Самал микрайондары. Аудандардың да аты бар өзгертуге тиіс. Бостандық , Алмалық аудандары не мағына береді кәзір?
Бостандық кеңестік кезден қалған атау. Алмалық дейтіндей Алматыда алма өседі ме осы? Алматинка өзендері ше? Екеу бар.
Жалпы Шахановты еске қалдырудың жолдары көп. Мен бір-екеуін ғана айттым.
Біреуді ренжітіп биікке шығу жақсы емес. Ұйғырлар да біздің елдің азаматтары"деп
жазды.
Сұлтан Сүлеевтің бұл жазбасын қолдаушылардан гөрі, "неге біз өз елімізде өзге ұлттың көңіліне қарауымыз керек" дегенге саятын қарсы пікірлер жазып жатқандар өте көп.