Таяуда "кеңестік білім беру жүйесінің кемшін тұстары" туралы әлеуметтік желіде орыс тілінен аударылған жазба жариялаған еді. Сол жазбаға қатысты қазіргі білім беру жүйесін салыстырып отырып, жауап беріп көрсек деп жазады Democrat.kz. тілшісі.
Кеңес дәуіріндегі білім беру жүйесінің жемісі мен кемшілігін көрген ұрпақ ретінде айтар болсақ:
Мұғалім дипломды ақшаға сатып алып, бюджеттің ақшасын арамтамақтарша асайтын жағдай аз еді;
Мұғалімде жауапкершілік қасиеті қазіргімен салыстырғанда, көбірек болды;
Әр сыныптағы 25-30 баланың әріп танымайтыны өте аз еді;
Рейтинг деген атымен жоқ, есесіне білімі жетпеген бала келесі сыныпқа қалдырылатын;
Қара тақта, ақ бормен оқыған кеңестік білімнің оқушылары сіз бен біз ең болмаса, екі сөйлемді қатесіз жаза аламыз;
Ал интерактивті тақтасы бар қазіргі бала екі сөздің басын қоса алмайды;
Оқулықтарда берілетін әр тақырып, әрбір тақпақ, әрбір сөйлем сол сыныптың оқушысына түсінікті болды;
Оқыған әрбір шығарманың балаға әсер ететіні сондай, қиялымызбен көктерде қалықтадық, алға ұмтылдық, мақсат қойдық;
"Еңбек" сабағында ұлдар көліктерді қолымен ұстап, қыздар ине -жіппен жұмыс істеуді көзбен көріп, қолымен ұстады;
Химия, биология сабақтарындағы жүргізілген тәжірибелерді айтып тауысу мүмкін емес;
Анатомия деген сабақ арқылы адамның дене мүшесі мен ағзалары туралы хабарымыз болды;
Ал астрономия деген пән оқушыларды ғалым болуға жетеледі;
"Сызу" деген сабақтың оқушыға берген жемісін жіпке тізудің өзі артық;
Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің арқасында сіз бен біз дәл қазір ойымызды сабақтап, өткеннен мысал келтіріп, жүйелі сөзімізді тізіп отырмыз;
"Бестік" бағалау жүйесімен оқушының білімін төрт санатта оңай жіктедік;
Қорыта айтқанда, кеңестік білім жүйесінің "кесірі мен кемшілігінің" арқасында сіз бен біз ең бастысы "Адам болу" қасиетінен ажырамауға күш салдық, әлі де сол қалпымыздамыз.
Ал енді қазіргі білім беру жүйесінің "ғажап тұстарына" келсек:
Кеңестік жүйеде зауыт жұмысшыларын дайындау схемасы жүрген болса, қазіргі кезде кәдімгі басыбайлы құлды дайындау жүріп жатқан жоқ па? Мысал келтірейік пе?
Оқулықтарды парақтап көріңіз, іліп аларлық мәні, мағынасы жоқ сылдыр сөзге құрылған дүниелерден көз ашпайды;
Бастауыштың бүкіл оқулықтары баланы білімнен жерітіп, қазақ тілінен безіп кетерліктей мәтіндерге сықиып толып тұр;
Атын орысшадан тікелей аудара салған "әдебиеттік оқу" пәні бастауыштың баласына тілі ауыр ақын жазушылардың шығармасымен толтырылған;
Диктант, бақылау жұмысының орнына "БжБ", "ТжБ" деген көп баланы ұрлыққа еркін баулитын бірдеңені ендірдік;
Әлгі БжБ, ТжБ дегенді көп бала интернеттен көшіріп, зуылдатып өткізіп жатыр. Оны мұғалім де жақсы біледі. Бірақ ұрлықы білімге екі тараптың да беті қызармайды;
Баланың білімі пайыздық өлшемге, рейтингке байланған. Тоқсан бойы төмен баға алған бала тоқсанның соңында жоғары баға алса, оған ешкім таңғалмайды. Себебі рейтинг үшін арсыздықтан аттап кеткелі біраз уақыт өтті.
Он бір жыл бойы оқыған балаға мектептегі білімінен пайда болуы екіталай. Себебі ҰБТ деген сынақтың сұрақтарына мектептегі білім толық жауап бере алмайды;
"Ұстаздықты" жалақысы үшін таңдаған, дипломын үйде жатып, сатып ала салған кей пенделердің кесірінен күн санап сауатсыз бала көбеюде;
Оқушыға өзі үлгі бола алмайтын кісілер "мұғаліммін" деп бюджеттен ақша алып, мектептің ішінде өріп жүр;
"Жаратылыстану", "Дүниетану" сынды танытқыш пәндерді топырлатып бастауыштың бағдарламасына тоғытып тастаған қазіргі білім жүйесі жоғары сыныптың баласын қызықтыратын "Еңбек", "Анатомия","Астрономия", "Сызу" сынды пәндерді сызып тастаған; (осыдан кейін бұл елде дені дұрыс астроном, хирург, архитектор шыға ма?)
Өмірін ұстаздыққа арнаған азаматтарды бітпейтін қағазбастылыққа көміп, балаға білім беруге мұрша бермейтін жүйе орнатқан қазіргі білім беру жүйесінде бәрі "показуха" дегеннен басқа теңеу табу қиын.
Пән мұғалімі сынып жетекшісінің талабымен, директордың әмірімен, Білім басқармасының бұйрығымен өз атын қатемен жазатын балаға "төрттік" қойып, министрлікке жөнелтеді. (Олай етпесе, басы дауға қалып, бекерге миын ашытып, сөз естиді) Министрлік те сол қағазда шимайланған бағамен тұтас елдің білім көрсеткішін шығарып, әлемге "алақай!"деп мақтанып көрсетеді. Бітті!
Жапон білім беру жүйесін зерделеп қарасақ, бала он жасқа келгенше, жапонның ұлттық құндылықтарын бойына сіңіруге күш салады екен. Бала он жасқа толған соң, басқа дүниелермен "миын ашытады" екен.
Ал бізде керісінше. Бастауышта баланың миын қасақана быламыққа айналдырып, сосын "ал енді бара қой" дейміз.
Осындай "ғажап" білім беру жүйесінің арқасында ақшасы, мүмкіндігі жоқ жұрттың баласы төбедегі көкелерге қызмет етуші санатында қалуда. Ал төбедегі көкелер үшінші сыныптағы баласын Абайдың қара сөздерін оқытатын мектепті таңдай ма? Жоқ!
Қорыта айтқанда, кеңес заманы зауыт жұмысшысын миллиондап даярласа, қазіргі білім жүйесі шікірейген шенді-шекпендіге қызметші даярлауда. Қызметші де емес, құл деуге де болады. Себебі бір күндік наны үшін арба сүйреген адамды қызметші деуге келмес...
Ал кеңес заманында "лидер емес, көнбіс құлды дайындады" дейтін сол аудармаға келер болсақ, қазіргі білім беру жүйесі өзі, көзі, көкесі жақсы баланы "лидер" жасаудың шебері екенін алға тартуға болады. Қорыта айтқанда, қазіргі білім беру жүйесін "сабын көпіршіктері" деп сипаттауға болады.
Бұл сипаттамаларға алып-қосарыңыз бар ма?
Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.