Ардагер, білікті ұстаз Мира Барказатқызы қазіргі кезде ең өткір мәселеге айналып отырған бала тәрбиесіне қатысты өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Тұтас өмірін білім саласына арнаған Мира Барказатқызы қандай баланың мектепте білім алу қабілеті қалай болатынын айтып, өз тәжірибесін ортаға салды.
"Ата-ананың баласы, мұғалімнің алдындағы -оқушы. Екеуі бір жан, бір тіршілік иесі, бір тұлға. Ата-ана баласын туғаннан бағып - қағып, білім алсын деп, мұғалімнің алдына береді.
Мұғалім тәрбиеленген балаға білімді оңай сіңіреді, ондай бала үйреткен білімді, көрсеткен дағдыны қағып алады. Мұғалімге дейінгі білгенімен ұштастырып іліп алып кетеді.
Ал мұғалімнің алдына ата-анасы тәрбиелей алмаған, туғаннан тәртіп дегенді білмеген, тәрбие алмаған бала да келеді. Мұны адамдар “еркелік”, “шолжаң” деп жатады. Тіпті, орынды еркелік те мұғалімнің алдында түзеліп кетеді.
Ал “тәйтік”-мүлде тәрбиесіз бала да бар екенін ескере бермейді. Мұндай “тәйтіктер”(жынды да емес, сау да емес)соңғы жылдары көбейіп кетті. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі білімсіздігінен көбейіп кетті: бала бойында не қазақы тәрбие жоқ, не европалық тәрбие жоқ. Өз басын алып жүре алмайтындар пайда болды. Әр минут сайын мінез қалпы құбылып, ойына келгенін жасайды.
Сөз де ұқпайды, қолынан дұрыс әрекет істеу де келмейді. Мұндайлардың түр-түрі бар.
Бір сыныпта бір осындай тәртіпсіз оқушы болса, сол сыныптағы (қанша оқушы болса да әдетте 5-тен 30-ға дейін) оқушының тең жартысы білімсіз болады, екі оқушы тәртіпсіз болса, екі-ақ бала елу пайыз білім үйренеді. Бұл - бүгінгі қоғам үшін зор қасірет!
Әдетте, баланы тәртіпке үйрету- құрсақта жатқанда басталады. Құрсақта тәрбиеленбеген баланың жөргөкте тәрбиеленуі қиын.(Мағжан Жұмабаевты оқыңыздар).
Жөргөкте тәрбиеленбеген бала ес кірген соң тәрбиесі кем бола бастайды. Еріксіз баланың айтқанына көне беру -тәрбиесіздіктің басы. Есейгенде өз киімін өзі кимесе, өз ойыншығын өзі жинамаса, бала тәрбиелеп өсіріп жатқан жоқсың, шайтан тәрбиеледім деп есепте.
Енді осындай азғындаған бала көп болса, оны ата-ана мұғалімге тәрбиеле деп берсе, түзеле ме, оқушы?! Жоқ! Түзелмейді! Кейбір әрекеттерін тиып ұстауға дағдыланады, бірақ түзелмейді. Сондықтан “балаң түзу болсын десең, өзің түзу бол” деген қағиданы миға сіңір.
Қырық жыл мұғалім болғанда, түйгенім: құрсақтағы тәрбие дұрыс болмаған баланың, әке мен анадан жаман үлгі алған баланың тәрбиесін мектепте мұғалім түзей алмайды. Ондай баланың бойында тәрбие қалыптаспайды, ондайлар білім алмайды.Ондайлар басқа балаға да білім ұқтырмайды. Тентектер тек аттестат алады, жаман дағдысын жасыруға үйренеді. Бойына жақсы қасиеттер дарымайды. Мұғалім тек сол “шайтанды” өзін-өзі басқаруға үйретеді: жалқаулығы, жүйесіздігі, үйренуге қабілетсіздігі жасырылған білімі шала “шайтан” кейіптегі адам шығады.
Ондайдың зияны анау бір сыныпта, бір топта отырғанның бәріне тиеді. Ондай сыныптағы қандай тәрбиелі баланың білімі кем болады, себебі мұғалімнің бүкіл күші “шолжаңдаған шайтанға” жұмсалады.
Шолжаңның тілін табу оңай емес, аз уақыт кетпейді. Ол уақыттың бәрі - білім мен дағдыға үйрететін уақыт.
Жапондықтар ондай шолжаңдарды мектепке қабылдамайды. Ата-анасы жеке оқытады. Ондайды басқа бір баланың қасына да жолатпайды. Қорқынышты ма?! Қорқынышты. “Қоғамнан тыс қалдыруға болмайды” деген желеумен бір сыныптағы басқа баланың тәрбиесі мен тағылымына соншалықты зиян шектіруге бола ма?! Болмайды!!!
Ендеше, құрметті ата-ана, шолжаң емес, адам тәрбиеле! Қалай тәрбиелеймін десең, құрсағыңда пайда болғанша өзіңді тәрбиеле, құрсақта пайда болғаннан бастап Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұясын”, Зейнеп апаның тағылымды еңбектерін, Мағжан Жұмабаевтың “Педагогикасын” оқи жүріп тәрбиеле.
Құрсағыңнан шыққан бала - сенің ұрпағың, сенің әулетіңнің, сенің ғұмырыңның жалғасы. Оны қатал ұстасаң - қайырымсыз, ерке ұстасаң -есірік болады.
Еңбекке үйретіп, мейірімге тәрбиелеп, сезімін басқартып, өнер үйрет, айналаны таныт, балаңа уақыт бөл. Көрсетіп, үйретіп тәрбиелесең, бергеніңе тәрбиеленеді. Бала тәрбиелегенше, өзіңді тәрбиеле.
Өзің ұйықтап жатып, балаңа тұр дегенің - тәрбие емес. Өзің шашылған салақ бола тұрып, балаңа “жина” деме, өзің шылым шегіп, балаңа “шекпе” дегенің - өтірік тәрбие. Сондықтан ештен кеш жақсы.
Кеш те болса, өз мініңді түзеп, балаңды дұрыс тәрбиеле. Ал білім саласындағы оқушы тәрбиесіндегі, жалпы дағдыларды қайта қарайтын кез туды. Педагогтар мен психологтар ойланар" дейді Мира Барказатқызы.