Ардагер ұстаз Мира Барказатқызы таяуда болған Оқу ағарту министрлігімен болған кездесуге қатысты және кездесуде көтерілген мәселелерді айтты деп жазады Democrat.kz.
"ҚАРҒА КӨНБЕС БӘЙШЕШЕКТЕ НЕТКЕН КҮШ (АБАЙ)
Бұл сөз менікі емес, Абайдікі. Бұл сөзде нәп-нәзік гүлдің қарды жарып шығатын қайсарлығы, Бәйшешек құрлы шамасы жоқ момын-қорқақ, арсыз, алдамшы… қуыс кеуделікті сипаттайтын егіз ұғымы бар күшті сөз.
Министрді көргендер мен министрдің алдын көрмегендердің айтысы да басталып кетті. Алматы мен Астананың арасындағы 1200 шақырымды 2400 етіп айналып шығу еріккеннен емес еді.
Министр жергілікті Білім басқармасына “белсенді мұғалімді” шақыртады. Басқа аймақты қайдам Алматы қаласы бойынша 5 адам екен. Маған айтылған уақытта (29.10.2025. сағат 17:00) жиынның басталуына 24-ақ сағат қалған.
Не ұшаққа, не пойызға билет жоқ, қаланың кептелісінен шығып, жұмыстан үйіме жеткенде, соңғы автобус та кетіп қалған. Сонда Алматы қаласы білім басқармасы министрдің пәрменіне құлақ түрмейтін болғаны ма?!
Өзгелер екі күн бұрын жол сөмкелерін жинап жатқанда, бұлар шақырылған тұлғаларға хабар беруге де жарамаған. Мені қудалағанда алдына жан салмаған, мектеп директорымен бірігіп заңды бұрмалаған Алматы Білім басқармасы басшысының айласы - мені осы жиыннан қалдыру еді.
Алматы қаласы Білім сапасын бақылау комитеті бұған жол бермеді. Қайтсем де баруды талап етті. Жаңа жұмыс орнымдағы директор жол шығынымды бірден айлығымның есебінен бере қойды.
Сонымен, жиынға бір сағат кешігіп жеттім. Бірақ өзіме тиесілі екі минутта ойымды жеткізуге тырыстым:
- Мұғалім мәртебесі Заңы бар, бар заңды орындамайтын шенеуніктер қызметінде неге отыр?! Қарапайым мұғалім заңды құрметтейді. Қия баспайды.
Шенеуніктер келісімшарттарды өзіне ыңғайлы жасап алып, мұғалімдерді қудалайды. Еңбек кодексінің 52 бабы 24 тармағы елімізде өрескел бұрмаланған. Қудалау тоқтатылсын.
Мектеп директорлары мерзімді шарт пен мерзімсіз шарттың талаптарын білмейді, сауатсыз жасалған келісімшартпен қудаланған мұғалім көп.
“Мұғалім мәртебесі” Заңының 8-бабы бойынша мұғалімнің еңбек шартын жұмыс беруші өз бетінше бұза алмайды, тек заңда көрсетілген негіздермен және тәртіппен ғана бұзуға құқылы. Бірақ бұл талап биліктің бір қоңырауымен-ақ бұзыла береді.
- Мұғалім 16 сағат сабақ берсе, 32 сағаттың ақысы төленсін. Бұл - сапалы білім берудің негізі. Жастар да жұмысқа тұра алады. Мұғалімге 16 сағат беріп, 25 сағат мектепке жүруді талап ететін директорларға тиым салыңыз.
Мұғалімде қанша жүктемесі болса, сонша ғана ақы төленеді. Жүктемеден артық мектепте жүруді талап еткен басшы сол сағатына ақы төлесін!
- Оқулыққа қатысты екі ауыз сөзімді толық аяқтатпады: Қазақстанда оқулық нарығы негізінен ірі баспалардың қолында «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Арман-ПВ», “Келешек”, “Жазушы” т.б.
Олардың оқулық шығарудағы пайдасы да, зияны да бар. Ірі баспалардың арқасында оқулықтар уақтылы шығады, сапалы басылады, цифрлық нұсқалары бар.
Бірақ монополиялық жағдай сапаға емес, пайдаға көп көңіл бөледі. Оқулықты жазуға қысқа уақыт беріледі, сондықтан жаңа ғылыми тұжырым жасауға мүмкіндік болмайды.
Жүйенің өзі министрлік пен «Оқулық» орталығы талаптарын орындау үшін құрылған. Сондықтан автор емес «құрастырушы» қызметін атқаратындай жағдай әбден қалыптастырылған.
Кейде баспалар оқулықты өз әдіскерлерімен жасап, белгілі ғалымдар тек «редактор» немесе «құрастырушы» ретінде ғана көрсетіледі. Бұл да оқулықтың сапасын нашарлатады.
Бір сөзбен айтқанда баспа көп болғанмен мазмұны бір көп оқулық білім сапасын арттырмайды. Оқулық жақсы болу үшін авторларға шығармашылық еркіндік берілуі керек; авторлар тобы ғалым, әдіскер, мұғалім, жазушы және дизайнер, ақпараттық құзыреттілік маманынан құралуы керек;
- Оқулыққа жауапты мекеме не “Алтынсарин атындағы Ұлттық академия не Оқу-ағарту министрінің өзі болуы керек. Баспаларға дайын оқулық тиражын ғана ұсынылуы керек. Оқулық жазу - авторларға қосымша жұмыс.
Қосымша атқарылған, ақысы төленбеген жұмыста қандай сапа болады?! Авторларға ақылы еңбек демалысы берілуі керек. Ол еңбек демалысы 1 жыл мен 6 айдан кем болмауы керек.
Олардың жұмыс жасауына жағдай жасалуы керек. Сонда сапалы оқулық жасалады. Міне, жиынға барғанда айтылған және айтылуға тиісті, уақыт жетпегендіктен шала айтылған ұсынысым осы.
Жұлдыз Сүлейменова,белсенді педагогтердің пікірін білу үшін жинағаныңыз орынды, қолдауға болады, бірақ уақыт пен қаржыны үнемдеп онлайн кездескен де дұрыс екен.
Жиындағы “Болгер-мұғаліммін”, “Блогер ұстазбын” дегендерді түсінбедім. Айналдырған 2 минутта жауыр болған мәселелерді ұзақ толғағандарды да түсінбедім.
Мұндай жиынның уақыты кең болғаны абзал. Хабар берілген соң, орындалуы да қадағалануы керек еді. Бұрынғы бас қосулар түскі 12:00-де басталса, 17:00-18:00- де аяқталатын, сол кездің де куәсі болғанбыз.
ЖИ мәселесі өзекті. Қазір мұғалімдер жасанды интелектіні жаппай үйреніп жатыр. Қасымда отырған жас жігіттің ЖИ -ге үйрету жөніндегі ұсынысы құлаққа қонымды естілді.
Ал Алматыдағы 224 мектептің жайын бес мұғалім көтерді, нүктесін Ақмарал Шатемірқызы қойды. Жиын мектептің қазақ тілде ашылуын қолдады"деп
жазды Мира Барказатқызы.