2026ж. 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қытайдан тауар контрабандасына қатысы бар деп айыпталған Group of the Companies TDA компаниялар тобының мемлекет алдындағы салық берешегі 92,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады деп жазады Democrat.kz. әлеуметттік желідегі kerek.emes. парақшасының ақпаратына сілтеме жасап.
Комитет дерегінше, аталған компания елдегі ең ірі борышкер кәсіпорындардың ішінде төртінші орында тұр. Ал 2025ж. 1 қазанда оның қарызы 90,3 млрд теңге болған. Осылайша, бір тоқсан ішінде берешек көлемі 2 млрд теңгеге артқан
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026ж. 1 қаңтарда Group of the Companies TDA-ның негізгі салық қарызы 52,9 млрд теңгені құраса, қалған бөлігі өсімпұл мен айыппұлдардан тұрады.
Компания Алматы облысына қарасты Шамалған ауылында - Назарбаевтар әулетінің туған жерінде тіркелген. Негізгі қызмет бағыты әртүрлі тауарларды көтерме саудада сату.
Компанияның тең құрылтайшылары ретінде:
- Әнипа Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы,
- компания басшысы Әли Қылышпаев көрсетілген.
Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компанияның заңсыз әрекеттері туралы ақпарат алғаш рет 2022ж. жарияланған. Ал 2023ж. Қаржылық мониторинг агенттігі Group of the Companies TDA-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, компания Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдаумен айналысқан.
2022ж. 3 мамырда прокуратура кедендік декларацияға байланысты жүргізілген тексеру қорытындысын жариялап, құжатта көрсетілмеген 287 млн теңгенің тауары анықталғанын мәлімдеді.
Кейін заңсыз тауар айналымының жалпы көлемі 585 млн теңгеге жеткені хабарланды.
Осы іс аясында компания басшысы Әли Қылышпаев қамауға алынған болатын.