Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды тағы бір қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды. Алайда оған бұған дейін тағайындалған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды, деп жазады Democrat.kz. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
Журналистің мәліметінше, жуырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 56 жастағы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кезекті үкім жарияланған.
Бұл – оның аты аталған төртінші қылмыстық іс.
Бұған дейін қандай істер бойынша сотталған?
2023 жылы Гүлмира Сатыбалды екі бөлек қылмыстық іс бойынша сотталған еді.
Алғашқы іс бойынша ол адам ұрлау және өз бетінше билік ету фактілеріне байланысты кінәлі деп танылды. Кейін бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету ісі бойынша тағы үкім шықты.
Осы істердің жиынтығы бойынша сол кезеңдегі жазасы 8 жыл бас бостандығынан айыруға дейін жеткен.
Бір жылдан кейін тағы бір сот процесі өтіп, бұл жолы Сатыбалдыға қорқытып ақша талап ету және адамды заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша айып тағылған. Сот бірнеше қылмыстың жиынтығын есепке алып, оның жазасын 12 жылға дейін ұлғайтқан.
Жаңа іс кімге қатысты?
Козачковтың жазуынша, соңғы қылмыстық іс Сатыбалдының туысы Абай Жүнісовке, яғни оның әпкесінің бұрынғы күйеуіне қатысты болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Гүлмира Сатыбалды мен Абай Жүнісов кезінде бірге бизнес жүргізген. Олар Алматыда «Восточка» тұрғын үй кешенін салуға қатысқан. Жобаға мемлекеттік қаражаттың да тартылғаны айтылады.
Кейін Жүнісовке бірқатар құжаттарға қол қойғызылып, компаниялардағы үлестерін Сатыбалдының айналасындағы адамдарға беруге және басқа активтерді өз мойнына алуға мәжбүр болғаны көрсетілген.
Соның салдарынан салынып біткен үйлер сатылып, жобадан белгілі бір адамдар пайда көргенімен, Абай Жүнісовтің мойнында «ВТБ Банк» алдындағы 8 миллиард теңгеден астам қарыз қалған.
«Жертөледе бірнеше ай ұстаған»
Журналистің мәліметінше, бұл құжаттарға Жүнісов өз еркімен қол қоймаған.
Айыптау тарапы оның Гүлмира Сатыбалдының үйінің жертөлесінде шамамен 4–5 ай бойы ұсталғанын, содан кейін ғана қойылған талаптарға келісуге мәжбүр болғанын алға тартқан.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қайрат Сатыбалдының ықпалы әлсіреген тұста Абай Жүнісов құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Гүлмира Сатыбалды кінәсін мойындамады
Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша да тағылған айыптарды мойындамаған.
Козачковтың жазуынша, сотта ол айыптау актісіндегі тұжырымдардың өзіне түсініксіз екенін айтып, Жүнісовтің банк алдындағы берешегінің өз әрекетімен қандай байланысы барын түсінбейтінін мәлімдеген.
Соған қарамастан, сот оны алдау арқылы мүліктік залал келтіру және өз бетінше билік ету баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Бұл жолы Сатыбалдының бұған дейін белгіленген 12 жылдық жаза мерзімі ұзартылған жоқ.
Есесіне сот одан 8 миллиард теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ
Михаил Козачков таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген. Демек, тараптардың оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге құқығы бар.
Гүлмира Сатыбалдының аты соңғы жылдары бірнеше резонансты қылмыстық істе аталып келеді. Төртінші іс бойынша да соттың айыптау үкімін шығаруы оның айналасындағы істердің әлі толық аяқталмағанын аңғартады.