"Ұрғашылар" деп қамауға алынған діндар шалдың қызы үндеу жасады

"Ұрғашылар" деп қамауға алынған діндар шалдың қызы үндеу жасады

Той үстінде айтқан діни уағыздары мен "ұрғашылар" сөзі әлеуметтік желіде үлкен дау туғызған 66 жастағы ер адамның қызы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, әкесіне қатысты жағдайды толық мән-жайымен қарастыруды сұрады деп жазады Democrat.kz.

Наргизаның айтуынша, оның әкесі радикалды көзқарастағы адам емес. Ол бұрын-соңды экстремизмге үндемеген, мемлекеттік органдарға бағынбауға шақырмаған әрі қандай да бір діни ұйым құрмаған.

Қызы әкесінің тойдағы сөзінің қалай пайда болғанын да түсіндірді.

Оның сөзінше, тойдың алдында әкесі ислам тұрғысынан музыканың рұқсат етілуі немесе етілмеуі туралы бейнеролик көрген. Содан кейін отбасылық жиында осы тақырыпқа қатысты өз ойын айтуды жөн санаған.

Алайда Наргиза әкесіне мұндай мәселені той үстінде көтерудің арты түсінбеушілік пен теріс реакцияға ұласуы мүмкін екенін алдын ала ескерткенін айтады.

Роза Әлқожадан кешірім сұрады

Наргиза әнші Роза Әлқожадан өзінің және әкесінің атынан кешірім сұрады.

Оның айтуынша, әкесінің әншіні әдейі ренжіту немесе оның ар-намысына тию ниеті болмаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызған тағы бір жайт — ер адамның әйелдерге қатысты «ұрғашылар» сөзін қолдануы еді.

Қызы бұл сөздің қолданылуына да түсініктеме берді. Наргизаның айтуынша, әкесі өскен ортада аталған сөз қазіргі әлеуметтік желідегідей кемсіту немесе әйел адамды төмендету мағынасында қабылданбаған.

Сондықтан ол әкесінің сөзін бүгінгі қолданыстағы мағынасымен ғана бағалау дұрыс емес деп есептейді.

Президенттен жағдайды толық қарауды сұрады

Наргиза Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінде әкесіне қатысты жағдайды әлеуметтік желіде тараған қысқа видеомен ғана емес, оқиғаның толық контексін ескере отырып қарастыруды сұраған.

Оның мәлімдеуінше, әкесінің сөзінде мемлекетке қарсы үндеу немесе экстремистік сипаттағы мақсат болмаған.

Тойда түсірілген видео әлеуметтік желіге тарағаннан кейін ер адамның сөздері қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бір тарап оның сөзін әйелдерге және өнер адамдарына құрметсіздік деп бағаласа, енді бір тарап адамның айтқанын толық контекстен бөліп алып таратуға болмайтынын алға тартты.

Democrat.kz оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін назарда ұстайды.

Барлық жаңалықтар