«807 адам қаза тапты»: «Дала Қырандары» ҚазАвтоЖол басшылығынан жауапкершілікті күшейтуді талап етті

«807 адам қаза тапты»: «Дала Қырандары» ҚазАвтоЖол басшылығынан жауапкершілікті күшейтуді талап етті

«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері Астанадағы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ (QAJ) орталық кеңсесінің алдында акция өткізді. Қоғам белсенділері республикалық маңызы бар тасжолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілін түбегейлі қайта қарап, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін ұлттық компания басшылығының дербес жауапкершілігін енгізуді талап етті, деп жазады Democrat.kz.

Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан жолдарында 807 адам қаза тапқан. Жарты жылдағы жол-көлік оқиғаларын талдау барысында қауіпті учаскелер заманауи қауіпсіздік талаптарына сай болған жағдайда көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болатыны анықталған.

Мәселен, жолды бөліп тұратын қорғаныш тосқауылдарының болмауы жоғары жылдамдықтағы көліктердің бетпе-бет соқтығысуына жиі себеп болады. Ал жол жиегіндегі қоршаулардың жеткіліксіздігі жабайы және үй жануарларының тасжолға жаппай шығуына жағдай туғызады.

Жүргізушілерді аса қауіпті учаскелер туралы алдын ала ескертіп, жаңа адам шығынының алдын алу үшін «Дала Қырандары» белсенділері мұндай жол бөліктеріне өз бастамаларымен қара түсті ескерту белгілерін орната бастаған.

«Мемлекет жол инфрақұрылымына орасан қаражат — 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөледі. Қоғам осы ақшаға сапалы әрі қауіпсіз жол талап етуге толық құқылы. Салғырттықтың құны — адам өмірі», — дейді «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері.

Қоғамдық бірлестік жол саласын басқару жүйесіне қатысты бірнеше негізгі талап қойып отыр.

Біріншіден, QAJ қарамағындағы жолдарда адам өлімімен аяқталған әрбір жол-көлік оқиғасынан кейін тасжолдың жағдайы, жол белгілерінің, таңбалардың және қоршаулардың болуы міндетті түрде тәуелсіз сараптамадан өтуі тиіс.

Екіншіден, адам өліміне әкелген жол апаттарынан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ны қылмыстық процеске автоматты түрде тарап ретінде тарту тетігін заңмен бекіту ұсынылады. Бұл сот барысында ұлттық компанияның жауапкершілік деңгейін анықтауға мүмкіндік бермек.

«Дала Қырандары» өкілдері жүйелі реформа жасалғанға дейін әрбір жаңа қайғылы жол апатынан кейін QAJ орталық кеңсесінің алдына қайта шығып, акция өткізуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Белсенділердің айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты — ұлттық компания басшылығына жол қауіпсіздігі үшін дербес жауапкершілік бар екенін және әрбір шешімнің артында адам өмірі тұрғанын еске салу.

 
Барлық жаңалықтар