"Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек" дейді Президент

"Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек" дейді Президент

«Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбатында ауқымды тақырыптарды қамтып, көп сұрақтарға нақты жауап берді деп жазады Democrat.kz.

– Жасанды интеллектінің дамуы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал, жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеледі? Бастамаңыздың шын мәнінде табысты боларына сенесіз бе?

– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.

Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар –
АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ.

Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.

Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды.

Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.

Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.

– Сіздің стратегиялық жоспарларыңыздағы ядролық энергетиканың орны қандай?

– Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.

Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында «көк жағалылар», яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасады.

Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.

– Тағы бір тақырыпқа ойыссақ. Жұртты бұрыннан толғандырып жүрген мәселелер бар. Мысалы, кейбір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы азаматтардың да, қарапайым адамдардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді?

– Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.

Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін.

Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас.

Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.

Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес.

Барлық жаңалықтар