Мұғалімдердің біліктілігін анықтайтын аттестацияға қатысты жаңалықтар кей педагогтардың көңілін түсіріп, наразылығын туындатуда деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, Оқу ағарту министрі кеше түнде енді мұғалімдер тест тапсырмайтынын, портфолио жинақтап, авторлық бағдарлама жазбайтынын мәлімдеп, жаңалығымен бөліскен еді.
Осы жаңалыққа байланысты алтын уақыттарын авторлық жазуға, портфолио толтыруға, тестке дайындалуға жұмсаған кей ұстаздар наразылық білдіруде.
Әлеуметтік желілерде "осыған дейін жұмсаған уақытымыз бен шығындарымыз не болмақ?" Деген сұраумен пікір жазушылар саны сағат сайын артуда.
Threads әлеуметтік желісінде педагог Ардақ Қалиева: "3 жыл бойы жетістік жинап, әдістемелік құрал шығарып, оны басқа аудандарға таратып, ақпан айында тест тапсыру үшін 5-11кл бағдарламасын түгел оқып, нерв, стресс, уақыт бәрін жоғалтқан кезде, керек ұпайымызды жинап, “міне, бәрі болды” деп Ұстаз.кз кіріп, өтініш беріп болған соң мұндай өзгерісті қалай қабылдаймыз?" Деп жазды.
Дәл осыған ұқсас жазбалар әлеуметтік желіде аз емес.