Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы әр өзгерісті «реформа» деп атауға болмайтынын айтып, жаңашылдықтың ғылыми негізі мен нәтижесі болуы керегін көтерді. Алайда оның жазбасының астында мұғалімдер қордаланған мәселелерді жаппай айта бастады. Бірі толассыз реформадан шаршағанын айтса, енді бірі педагогтердің пікіріне құлақ аспайтынын жазды, деп жазады Democrat.kz.
Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақытта подкасттарға шақырылып, оқу-ағарту саласындағы «жаңа» шешімдер туралы жиі сұрақ қойылатынын жазған.
Экс-министрдің пікірінше, білім саласындағы кез келген өзгерісті реформа деп қабылдау дұрыс емес.
«Сұрақ көп: шешімдер ғылыми зерттеулерге, деректер мен тәжірибеге негізделген бе? Ықпалы мен тәуекелі есептелді ме? Бұрыннан бар дүниені “жаңалық” деп ұсыну қаншалықты дұрыс? Зерттеусіз, пилоттық сынақсыз қолданыстағы жүйені өзгерту тиімді ме?» — деп сауал тастады Аймағамбетов.
Осы жазбадан кейін пікір алаңы білім саласындағы проблемаларды талқылайтын орынға айналған.
Ең өткір пікірлердің бірі білім жүйесіндегі тұрақсыздыққа қатысты айтылды.
«Реформа, жаңа өзгеріс дегенді қою керек. Мысалға, алдағы 10–15 жылға стратегия жасап, сол бағыттан айнымай жүру керек. Жүйе министрге емес, министр жүйеге жұмыс жасауы қажет. Әр министр өз өзгерісімен келеді. Сонда алдындағы министр қателесті ме? Онда жауапкершілік керек. Мектеп балалары білім сынақ алаңына айналды», — деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір мұғалім:
«Әр министр келген сайын реформа жасаудан жалықпайды екен. Кімге керек көзбояушылық?! Баяғы жартас — сол жартас», — деп наразылығын білдірген.
«Реформадан шаршадық»
Пікірлер арасында мұғалімдердің өзгерістердің тым жиілігіне қажығаны анық байқалады.
«Реформадан шаршадық...» — деп жазған педагогтердің бірі.
Ол жаңа оқу жылы басталар алдында білім стандартының әлі дайын болмауы және оқушыларды қабілеті мен болашақ мамандығына қарай бағыттарға бөлу туралы әңгімелер өзін алаңдататынын айтқан.
Тағы бір пікір иесі:
«Кез келген жаңалық зерттеліп барып кіру керек деп ойлаймын. Бірақ менің ойым кімге керек?» — деп қысқа қайырған.
Ал басқа мұғалім білім жүйесінде пилоттық жобалардың шамадан тыс көбейгенін сынға алды:
«Зерттеуге сүйенбей пилоттық жобаны көп жасайды. Соның кесірінен әр жылы әртүрлі бағдарламалар қаптап кетеді», — деген ол.
Бұл пікірлер Аймағамбетов көтерген негізгі мәселемен үндеседі: білім саласындағы өзгерістің аты емес, оның қандай дерек пен зерттеуге сүйеніп енгізілгені маңызды.
«Мұғалімдердің үніне құлақ аспайсыздар»
Талқылауда көтерілген ең маңызды мәселенің бірі — қатардағы мұғалімнің шешім қабылдау үдерісінен тыс қалуы.
Өзін педагог ретінде таныстырған қолданушы білім саласындағы реформалардың мақсаты жаман болмауы мүмкін екенін айта келе, олардың нақты нәтижесіне мониторинг жасалмайтынын сынға алды.
«Сіздер немесе білім саласында жоғарыда отырған адамдар көздеген нәтижелеріне жақын сандарды, сурет салуды бізді, яғни мұғалімдерді мәжбүрлейсіздер. Мұғалімдердің үніне құлақ аспайсыздар. Тек сол мұғалімді басқаратын адамдардан жинайсыздар ақпаратты», — деп жазды ол.
Бұл — пікір иесінің жеке бағасы. Дегенмен оның сөзі білім реформаларын бағалауда маңызды сұрақ тудырады: жаңа жүйенің тиімділігі туралы ақпарат тек әкімшілік есептер арқылы жинала ма, әлде күн сайын сыныпта жұмыс істейтін педагогтің пікірі де ескеріле ме?
Аймағамбетовке бұрынғы мәселелерді де еске салды
Пікір алаңы тек қазіргі реформаларды сынаумен шектелмеген.
Кей қолданушылар Аймағамбетовтің министр болған кезеңіндегі мәселелерді де көтерген.
Бір азамат докторантура түлектерінің міндетті еңбек өтеуіне қатысты мәселенің тағдырын сұраған. Аймағамбетов оған:
«Жаздым ғой. Бар. Заңды оқыңыз, көрсетіңіз», — деп жауап берген.
Тағы бір қолданушы «Ұлттық мектепке» қатысты мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік төлемдер мәселесін көтеріп, тиісті органдардан нәтиже болмай отырғанын мәлімдеген.
«Аты ғана өзгерген, мазмұны жоқ дүниелер»
Аймағамбетовке пікір жазғандардың арасында оның министрліктен кеткеннен кейінгі өзгерістерді сынағандар да бар.
«Асхат Қанатұлы, сіз кеткен соң небір жаңалық ашып жатыр. Бірақ оның аты ғана өзгерген, мазмұны жоқ дүниелер. Біз тіпті елеңдемейтін болдық», — деп жазған қолданушылардың бірі.
Басқа пікір иесі оқу саласындағы өзгерістердің жиілігін:
«Ашылған сәттен орын жоқ, екінші рет солай. Оқу жылы басталады жақында», — деп сынаған.
Пікірлердің мазмұны әртүрлі болғанымен, олардың басым бөлігін бір ортақ ой біріктіреді: мұғалімдер білім жүйесіне тұрақтылық керек деп есептейді.
Олар өзгеріске түгел қарсы емес. Керісінше, бірнеше пікірде жаңалықтың қажеттілігі мойындалады. Бірақ педагогтер кез келген бастама алдымен зерттеліп, шағын көлемде сыналып, нақты нәтижесі анықталғаннан кейін ғана бүкіл елге енгізілуі керек деген пікір айтып отыр.
Аймағамбетовтің өзі де жазбасында дәл осы сұрақты көтерген: зерттеусіз және пилоттық сынақсыз қолданыстағы жүйені өзгерту қаншалықты тиімді?
Әлеуметтік желідегі реакцияға қарағанда, мәселе «реформа керек пе, жоқ па?» дегеннен әлдеқайда терең.
Мұғалімдерге реформаның санынан бұрын тұрақтылық, ал жоғарыға жіберілетін әдемі есептен бұрын сыныптағы шынайы жағдай маңызды болып отыр.
Ал «мектеп балалары білім сынақ алаңына айналды» деген пікір білім жүйесінде үздіксіз өзгерістен шаршаған педагогтердің көңіл күйін дәл сипаттап тұрғандай.