Танымал журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко әлеуметтік желідегі жазбасында анасының ауыр хәлде жатқанын айтып, жүрек тебірентерлік сөздер арнады. Әкесінен айырылғанын әлі толық қабылдай алмаған журналист енді анасының өмірі үшін алаңдап отырғанын жасырмады, деп жазады Democrat.kz.
Анна Данченко жазбасын өткен өміріне көз жүгіртуден бастаған. Оның айтуынша, ол осы уақытқа дейін өзін өте мықты адаммын деп есептеген. Қиындықтың бәрін жеңіп, қолдан келмейтіндей көрінген дүниелерге де тәуекел етіп жүрген.
Алайда журналист мұның бәрін ең алдымен ата-анасын қуанту үшін жасағанын айтты.
«Мен өзімді мықтымын деп ойладым. Бәріне шамам жетеді деп ойладым. Өйткені бұған дейін де бәрін еңсеріп келдім. Барымды салдым. Тіпті мүмкін емес нәрселерді жасауға тырыстым. Мұның бәрін ата-анам менімен мақтансын деп жасадым», – деп жазды ол.
Тележүргізушінің сөзінше, ата-анасының өмірі оңай болмаған. Соған қарамастан олар балаларына қиындықты сездірмеуге тырысып, махаббат пен қамқорлыққа толы балалық шақ сыйлаған.
Анна есейген соң ата-анасына сол мейірімді қайтарғысы келгенін айтады. Бірақ өмір оның жоспарын өзгертті.
Алдымен әкесінен айырылды.
Журналист әкесінің қазасын әлі күнге дейін санасы толық қабылдай алмайтынын жеткізген.
«Мен әлі күнге дейін әкем Аралда тұрады, ал біз анам екеуіміз Алматыдамыз деп ойлаймын», – дейді ол.
Әкесінен кейін Анна үшін анасы өміріндегі ең үлкен тірекке айналған.
Журналист анасын өзінің «қорғаншы періштесі», өмірдегі ең жақын адамы деп атады.
«Мама, сен – менің өмірімсің. Құдайдың мені сенің қызың, ал сені менің анам етіп таңдағанына шексіз ризамын. Сен – менің қорғаншы періштемсің», – деп жазды Анна.
Ол анасының әр жетістігіне балаша қуанып, әр қадамына ақ батасын беріп отырғанын еске алған.
Аннаның айтуынша, үйден шығар алдында анасының батасын алмай кетпейтін кездері болған. Журналист үшін анасының қолдауы мен ризалығы ерекше күш берген.
Алайда дәл қазір жағдай мүлде басқа.
Данченконың сөзінше, анасы ауыр жағдайда жатыр. Журналист оны бұрынғыдай құшақтап, еркін сөйлесе алмайтынына қиналып жүр.
«Қазір сен жатырсың. Мен сені құшақтай алмаймын, сөйлесе алмаймын. Сен дем алып жатырсың және мені естіп жатқан шығарсың, мама. Сені осындай күйде көру маған өте ауыр», – деп жазды ол.
Анна анасының қолынан ұстап отырып, сол қолдың өзінің бүкіл балалық шағымен байланысты екенін тебірене жазған.
Өйткені бұл қол кезінде оны құлаған кезде көтерген, ауырғанда басынан сипаған, тамақтандырған, киіндірген, мәпелеген.
«Бұл – маған барын берген қол. Мен құлаған кезде ұстап қалған қол. Ауырған кезімде басымнан сипаған қол. Менің бүгінгі адам болуыма себеп болған қол», – дейді журналист.
Данченко әкесінен айырылғаннан кейін анасы үшін мықты болуға тырысқанын да айтты.
Ол өзін бір қанатынан айырылған құсқа теңеген. Әкесі өмірден өткен соң қалған жалғыз қанатымен анасы үшін ұшуға тырысқанын, ал қазір сол қанаты да сынып бара жатқандай сезінетінін жеткізді.
Жазбаның ең ауыр тұсында Анна өзінің қорқынышын жасырмайды.
«Жаным ауырады, мама. Мен қорқып тұрмын. Қараңғыда қалғандаймын», – деп жазды ол.
Сөзінің соңында журналист анасына бір ғана өтініш айтады:
«Мама, өтінемін, кетпе! Сенсіз мен ұша алмаймын! Мама! Мен сені шексіз жақсы көремін!»