Актер Бекжан Тұрыс парақшасында танымал актер Сәбит Оразбаевты мерейлі жасымен құттықтап, ол туралы ерекше естелігімен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"Өткен мен бүгінді жалғап отырған театрымыздың тірі шежіресі Сәбит аға Оразбаев бүгін тоқсанға толып отыр.
Тоқсан жас – мазмұнды ғұмырдың биік белесі. Сәбит ағаның өнер жолы – кешегі ұлылардың алдын көріп, тәлімін алған, солардың қолына су құйып жүріп рухани әңгімесіне қаныққан шәкірттің жолы.
…Біздің кезіміздегі үлкенді сыйлау туралы түсінік басқаша болды. Театрға келген кезде бұрын тек теледидардан жүзі таныс, кинодан ғана көрген үлкен буын аға-апалармен бір ұжымда бірге жұмыс істейтінім мен үшін басқа бір әлемге өтіп кеткендей әсер қалдырған.
Жұмысқа кірген жылдары Сәбит ақсақалмен театр дәлізінде жай жолығып қалғанда ықыласпен амандасқаныма қуанатынмын. Шолпан апам (Жандарбекова) “театрдың баспалдағын адал аттаңдар, өнердің жолы жүрекке жүк, санаға салмақ түсіреді, десе де, өнер ордасында ибалы, тәртіпті болған жөн” дегенді әбден санаға сіңіргендіктен де театрға жасқаншақтап келдік, үлкен буын өкілдеріне жолай алмай сыртынан көргенді місе тұттық. Үлкендердің алдында оғаш қылық көрсетіп алсам қайтем деп, қаймығып тұратынмын. Ол - Сәбит ағаның аты да, атағы да дүркіреп тұрған кез. Көрінген адам ол кісіге батып сөйлей алмайтын. Өзім Уайыс, Мейірман, Құман ағаларды жағалап жүрдім. Ол кезде Асекең-Асанәлі аға театрдан кетіп қалған. Біраз уақыт Сәбит ағаның да театрдан қол үзген кезі болды…Бәрібір театрға қайта оралды олар.
…Сәбит ағаның көп актерден өзгешелігі әрі артықшылығы - жыраулығында. Домбырасын көтеріп келіп ән, жыр-термелерді айтып отырған кезде қатты қызығатынмын.
Кейде көңілді отырған шақтарында өзінің алдындағы үлкендер туралы әсерлі естеліктерді айтып беретін. Ондайда аузымыз ашылып тыңдаймыз.
Өзіме ес кіріп есейе бастағанда “ұлылар туралы айтқанын жазып алсам, сұрап қалсам” деген ой келгенімен біртүрлі тайсақтаппын. Ол кісі ұрсып тастайтын адам емес, әйтеуір батылым жетпеді. Бүгінде ғой үлкеннің қасына тасыраңдап жетіп баратындар, ойсыз сұрақ қоя алатындар көп. Мен олай ете алмадым…
Сәбит ағаның салмақты мінезі, сөзге деген жауапкершілігі, үнінің ішкі қуаты – бәрі де жыраулық дәстүрдің белгісіндей. Оның байсалды мінезі, сөзі мен ісінің бірлігі, қарапайым болмысы – нағыз өнер адамына тән қасиеттер.
Сахнадан тыс өмірде де ол өнер адамына тән биіктігін жоғалтқан емес. Жыр айтқанда, сахнаға шыққанда жалаң роль емес, елдің жадында сақталған тереңдікті ала шығады, тыңдаушының жан-дүниесін қозғалысқа түсіреді. Ағаның дауысында уақыттың ізі, тарихтың табы бар. Жыраулардың сөздерінің бәрін бойына сіңірген. Сәбит аға күні кешегі алапат індеттің алдында аздап сырқаттаныңқырап жүрді. Ал ковидтен кейін театрға келмейтін болды. Телефон арқылы қалын сұрап тұрамын, былтыр арнайы үйіне барып арқа-жарқа әңгімелесіп қайтқанымызды әлеуметтік желіге жарияладым да.
…Аман жүріңізші, көненің көзі, театрымызды абыз ақсақалы! Ғасыр тойын бірге тойлауды жазсын деп тілеймін!"деп жазды Бекжан Тұрыс.