Белсенді педагог, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы соңғы 15 жылдағы қазақстандық білім беру жүйесінің ең ауыр «дерттерін» көрсетіп, бұл былықтардан арылудың оңтайлы жолдарын айтты деп жазады Democrat.kz.
Реформалардың жүйесіздігі мен бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы, білім саласының бұл «былықтан» арылу және жүйені сауатты арнаға түсіру үшін келесідей түбегейлі қадамдар қажет деген Өмір Шыныбекұлы:
"1. Өңірлік Білім Басқармаларын Оқу-ағарту министрлігінің құзіретіне беру.
Яғни, ОАМ министрі Білім Басқармасы басшысын қазіргідей тек марапаттай алмау керек, білім сапасының төмендігі, есепсіз жұмсалған қаржы, дәлелін тапқан арыз-шағымдардың көбейіп кеткені үшін қызметінен босатып, немесе өзге де жазалау шараларын қолдана алуы керек.
Қазір сөз боп жатқандай аудандық білім бөлімдерін аудан әкіміне бағындыру секілді кертартпа әңгімелерді доғару керек.
Олай жасасақ - кері кеткеніміз!
Білім саласына бөлінетін қаржыға әкімдіктерді маңайлатуға болмайтынын тәжірибе дәлелдеді.Сондықтан орталықтан бір қаржы операторын құру керек.
2. Педагогикалық автономия және ҚМЖ-дан құтылу
Шындығында, ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар) қазіргі таңда мұғалімнің шығармашылығын тұншықтыратын бюрократиялық қалыпқа айналды.
Мұғалімге сабақ жоспарының форматын таңдауға еркіндік беру керек.
Дамыған елдерде (мысалы, Финляндия) мұғалімге «не оқыту керек» деген стандарт беріледі, бірақ «қалай оқытуды» мұғалім өзі шешеді.
Қағаз жүзіндегі мақсаттар емес, оқушының нақты нәтижесі басты көрсеткіш болуы тиіс.
3. Бюджеттің ашықтығы және Тәуелсіз аудит
Е. Сағадиев кезіндегі 1,5 триллион теңге немесе қазіргі «Мақсатты мектеп» жобасына бөлінген қаржының қайда кеткені туралы ақпарат ашық дереккөздерде (Digital Kazakhstan немесе арнайы бюджеттік порталдарда) тиын-тебеніне дейін көрініп тұруы тиіс.
Әрбір ірі реформа аяқталғанда Жоғары аудиторлық палата мен қоғамдық кеңестің бірлескен ашық есебі жариялануы керек.
Егер нәтиже болмаса, реформаторлар заң алдында жауап беруі тиіс.
4. "Авторлық бағдарлама" саудасын тоқтату
Мұғалімнің міндеті — ғылыми жұмыс жазу емес, баланы оқыту. «Педагог-зерттеуші» статусы үшін сатылатын бағдарламаларды талап ету — жемқорлықтың ұясы.
Біліктілікті арттыру жүйесін қайта қарау. Санатты бағдарлама жазғаны үшін емес, оқушыларының жетістігі, сабақ беру сапасы және әріптестерімен бөліскен нақты тәжірибесі (кейстері) үшін беру керек.
5. Ұлттық тестілеу орталығын цифрлық бақылауға алу
Тест бағаларын сатып алу — ұлттық қасірет. Бұл сауатсыз мамандардың мектепке келуіне жол ашады.
Тестілеу процесін толықтай адам факторынан ажырату, блокчейн технологиясын енгізу (нәтижелерді өзгерту мүмкін болмайтындай) және тест орталықтарындағы заңсыздықтар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату.
6. Мұғалім даярлау сапасын өзгерту
«Сауатсыз қосшы» (мұғалім) мәселесі жоғары оқу орнынан басталады. Грант санын көбейткенмен, сапаға көңіл бөлінбей отыр.
Педагогикалық мамандыққа түсу талаптарын медицина саласындағыдай қиындату. Педагогикалық мамандықтарға қабылдау барысында түлектің білімі ғана емес, бейімі де ескерілуі тиіс.
Сондай-ақ, мұғалімдерді 3 айлық курстармен емес, тұрақты кәсіби қоғамдастықтар арқылы дамыту қажет.Білім саласындағы реформалар «жоғарыдан төменге» (министрдің бұйрығымен) емес, «төменнен жоғарыға» (практик мұғалімдердің сұранысымен) жүруі керек.Қазіргі жүйе — сырты жылтырақ, іші бос «есеп беру машинасына» айналған.
Бұдан құтылудың жалғыз жолы — шынайы
жауапкершілік" дейді.