Танымал продюсер Серік Аббас Шах парақшасында ерекше бір естелік жазбамен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"1984 жыл. Тамыз айының аяқ кезі болса керек. “Лениншіл жас” газетінің Мәдениет бөлімінде “Ақ отау” атты жұбайларға арналған бет болатын. Мен осы бөлімнің меңгерушісі кезім.
Жұмысқа Панфилов паркі арқылы өтіп келетін едім. Алаңға жақындағанда гүлзардың ортасында тұрған жас жұбайларды көрдім (ақ көйлекті қалыңдық, кеудесіне гүл таққан жас жігіт). Тез жақындап келіп, сол жерде тұра тұруларын сұрап, телефон-автоматтан газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалыны шақырдым (суретке түсіріп алдық).
Арада екі-үш күн өткенде “Ақ отау” арнаулы бетін дайындап, бет ортасына сол суретті бердік. Газеттің кешкі редакциясында беттердің алғашқы нұсқасы дайын болғанда редакторға көрсетуге алып келеді.
Сағат бестен кете бет қарап жатқанда редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов: мынау бір тамаша сурет екен, Өтеген, қазір 2 шумақ өлең жазып, текстовка ретінде беріп жібер, жан бітсін деді.
Кабинетіме келіп, жарты сағаттың ішінде 2 шумақ осы өлеңді жазып, кезекші редактордан беріп жібердім. Баспаханада оны теріп болып, сурет астына қойып, маған көрсетіп, нөмірге қол қойылып кетті.
Арада 2 жыл өткенде КазГУ қалашығындағындағы кездесуде (әлгі өлеңге ән шығарған) Бекжігіт Сердәлімен және осы бір тамаша әнмен таныстым.
Бұл туындыға 40 жыл толды, әлем қазақтарына тарады, осы жылдарда 2 миллионнан астам қазақ жастары осы ән аясында үйленді. Талай жерде мұны халық әні деп хабарлап жүргеніне де куә болдым.
Ән халықтық шығармаға айналды. Қытай қазақтары үйлену тойларын тек осы әнмен бастайды екен. Ән мәтінінде қателіктер бар екенін көптеген басылымда айттық, сұқбат та бердік, мәтінін жарияладық, бірақ оған мән беріп жатқан әншілер аз.
Бұл әнді қырғыздың халық артисі Саламат Садықова қырғызша айтып, үйлену тойларын ашып жүр (қырғыз тіліне аударып алған).
Өзбектер де айтып жүр деп естідім, елден қоныс аударған немістер де айтып жүр (өткенде неміс тіліне аударылған нұсқасын да тыңдап қалдым). Моңғолдар да айта бастады дейді.
Бекжігіт екеуміздің атымызды жайған туынды (бұл), себепші болған - жазушы інім Құлтөлеу Мұқаш.
Естелік иесі ақын Өтеген Оралбайұлы"деп жазды продюсер.