Ақшаң болмаса арам қататын заман туды. Осыдан алты күн бұрын Алакөлден келе жатқан көлік Қонаев маңында апатқа ұшырап, салондағы үш жолаушы ауыр жараланған.
Үшеуінің де омыртқасына зақым келіпті. Жедел-жәрдем бірден Қонаев қаласындағы ауруханаға жеткізді. Бірақ туыстары сапалы мед көмек керек, мықты мамандар бар ғой деп Алматыдағы #4 ауруханаға алып келіпті.
Жағдайы тым ауыр бір науқасқа шұғыл ота жасалған. Ал, қалған екеуін алты күннен бері ақылы бөлімге жатқызып қойыпты. Әрқайсысы тәулігіне 25 мың теңгеден төлеп, төсекке таңылып тырп етпей жатыр.
Ешқандай медициналық көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Өйткені ота жасау үшін дәрігерлер әрқайсысың кемі 5 млн теңгеден төлеуің керек деген. Бірақ жол апатына түсіп, жанын қоярға жер таппаған туыстарының бере қояр 10 млн теңге ақшалары жоқ.
Бір науқас Астанада пропискада. Ал, бел омыртқасы зақымданған 20 жастағы бойжеткен прописка бойынша Алматыдағы #12 ауруханаға қарайды екен. Ең болмағанда соны ауыстырып, тегін операция жасата алмай отырғанымызға міне үш күн болды. #4-ші аурухана басшылары #12-ші ауруханаға сілтейді. 12-нің басшылары горздравқа сілтейді.
Білетін, танитын адамдардың бәріне хабарластым. Ешқайсысы селт еткен жоқ. Сүйек-саяғы қирап қалғандарға “ақ халатты абзал жан” дегендердің ешқайсысы жанашырлық танытып жатқан жоқ.
Ақшаң болмаса адам құрлы көрмейді екен. Экстренный жағдайда ауруханаға түскендерге барлық медициналық көмек тегін көрсетілмеуші ме еді? Бұл кісілердің маған туыстық қатынасы жоқ.
Досымның жақын таныстары болғасын көмек сұрап хабарласып еді. Бірақ бюрократияның батпағына батып қалдым.
Осыдан 4-5 жыл бұрын “крутите больных, отправьте в МРТ, в рентген, в УЗИ, по больше денег сдирайте у них” деген дәрігердің видеосы таралып, шу болып еді. Аурулардан ақша соратын әдет әлі қалмапты. Отаға төлейтін он миллион жоқ, тегін операция жасаңыздаршы деп біраз жерге хабарласып едім.
Дәрігерлер сөзінен секіріп, сынған омыртқа сүйегі өзі-ақ бітіп кетеді. Тек бір ай постельный режим керек деп құбылды. Өздерінің тілімен айтқанда “проблемный пациенттен” тезірек құтылудың амалы сияқты.
Бірақ МРТ снимоктарын таныс травмотолгтарға жібердік. Олар отасыз болмайды деп отыр. Ал, кімге сенеміз? Не істейміз? Ақшаң болмаса арам өлесің бе?