Ұлт боламыз десек, бастауыштың әліппесі мен ана тілін дұрыстайық

Ұлт боламыз десек, бастауыштың әліппесі мен ана тілін дұрыстайық

Қазақ бастауыш мектебінде әліппе мен ана тілі пәндерінің оқытылу жүйесі қайта қарауды қажет етеді. Қазір бірінші сыныптың алғашқы жарты жылдығында тек әліппе оқытылып, екінші жарты жылдықтан бастап ана тіліне кезек беріледі. Мамандардың айтуынша, мұндай бөлініс баланың тілдік дамуын тежейді. Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек әліппе мен ана тілі пәндері қатар жүргізілген жағдайда ғана оқушы әрі жазуға, әрі сөйлеуге дағдыланып, сөздік қоры мен ойлау қабілеті табиғи дамиды деген пікір білдіріп отыр.

Динара МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ, 
Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері: 

– Әр ұлттың ұлы тарихы оның тілімен бірге жасалады. Ал сол тілдің тұнығынан алғаш дәм тататын, ана сөзінің ыстық үнін алғаш еститін кез – балалық шақ, бастауыш мектеп. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әуелі бізге мектеп керектігі, мектептің қандай болуы керектігі, оның ішінде кім оқытатыны – бәрі қазақтың көзқарасымен, тұрмысымен сабақтас болуы шарт» деуінде терең мән бар.

Бұл жай ғана методикалық талап емес, бұл – ұлт болып сақталып қалудың шарты. 
Осы орайда тіл жанашыры, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек қазіргі қазақ бастауыш мектебінің оқу бағдарламасында аса маңызды бір мәселені көтеріп жүр.

Тіл жанашырының айтуынша, әліппе пәні бірінші сыныптың алғашқы жарты жылдығында толық аяқталған соң, бірден қазақ тілі пәніне жалғасып, тілдік ұғымдар мен қарапайым грамматикалық түсініктер жүйелі түрде берілуі керек.

Яғни ана тілі сабағы алғашқы жарты жылдықта тыңдалымға негізделсе, екінші жарты жылдықта оқылым дағдысына ұласуға тиіс. 

Бижомарт Қапалбектің пайымынша, әліппе мен ана тілі пәндері қатар жүруі – бастауыш білім берудің табиғи заңдылығы. Себебі ана тілі пәні оқушыға тек оқуды үйретіп қана қоймай, тыңдау, түсіну, байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамытады.

Осылайша, бір жағынан бала әріп танып, оқи бастаса, екінші жағынан тілдің мазмұндық қырын тыңдалым арқылы меңгеріп, сөздік қоры байи түседі. Меніңше, бұл ұсыныс бүгінгі оқу үдерісін жетілдірудің маңызды қадамы болар еді.

Қазақ тіліне бала бастауышта тамырын терең жаймаса, кейін ол тілге қайта оралуы қиын. Сол үшін баланың жүрегіне ана тілінің дәнін ең алғаш сіңіретін бастауыш мектеп жай білім мекемесі емес, ұлттың рухани мәйегі болуға тиіс.

Баланың тілі мектепке келгенше-ақ қаздай тізіліп қалыптасып үлгереді. Зерттеушілердің пайымынша, тілі тек ана тілінде шыққан монотілді баланың сөздік қоры 5 жасқа келгенде шамамен 4000–5000 сөзді қамтиды. Бұл – дәлелденген тұжырым.

Әлі хат танымайтын, әріп танымаған бала осынша байлықты қайдан алады дейсіз ғой? Әрине, отбасыдан, ортасынан, ана әлдиінен, әженің ертегісінен, әкесінің кеңесінен, қоршаған ортаның әр үнінен, күнделікті өмірдің әр көрінісінен алады. 

Ал енді сол мыңдаған сөзді бойына сіңіріп, өмірмен ұштастырып келе жатқан бала мектепке келеді. Мектептегі ең алғашқы пән – әліппе. Әліппенің мақсаты – әріп таныту, буын мен сөз құрату, оқуға, жазуға баулу. Бірақ... Әліппенің сөздік қоры шектеулі.

Ғалымдардың есебінше, қазіргі қолданылып жүрген әліппе оқулығында ары кетсе, 300-дей сөз қолданылады. Оның өзінде де «ата», «апа», «арба», «шана», «нан», «алма» сынды қарапайым, тұрмыстық сөздер. Яғни бала күнде естіп жүрген, тіпті балабақшада әлдеқашан танысқан сөздер.

Бұл, әрине, әдістемелік тұрғыдан дұрыс, себебі жаңа тілдік бірліктерді үйренуде бала таныс контексте оңай бағдарланады.

Алайда осы сәтте ең үлкен қауіп туады: мектепке келген бала өзімен бірге алып келген бай сөздік қорын, таным әлемін қолданбайды. Керісінше, оның тілдік әлеуеті уақытша тұсауланады.

Тілі енді ғана биікке өрмелеп, күрделі ойлауға бет алған сәтте, оған қайтадан ең қарапайым сөздермен шектелген оқыту ұсынылады. Бұл бала тіліне салынған рухани тежегіш іспетті.

Осыдан келіп, бастауыштағы білім мазмұны баланың табиғи дамуына бейімделуі керек деген талап туындайды. Әліппе – балаға оқу мен жазуды үйрететін құрал, иә. Бірақ бұл құрал оның сөйлеу қабілетін, ойлау дағдысын тежемеуге тиіс.

Сондықтан әліппе оқулығымен қатар, баланың коммуникативтік қабілетін дамытатын тыңдалым мазмұны да қатар жүруі керек. Мұндай рөлді ана тілі пәні атқара алады.

Оның басты ерекшелігі – баланың есту, түсіну, сөйлеу қабілетін дамытатын тыңдалым және айтылым әрекеттеріне негізделуі. Әліппемен қатар жүретін ана тілі баланың сөйлеу тілі мен жазба тілін үндестіріп, табиғи тілдік ортаны жасайды. 

Мектепке дейін бай дүниетаным қалыптастырып келген баланың тілін 300 сөзбен «қамап» қою – оның ойлауын тоқтату, жадағайлату. Сондықтан әліппе баланың сауат ашуына қызмет етсе, ана тілі пәні тыңдалым арқылы оның сөздік қорын тереңдетуге, ойлау көкжиегін кеңейтуге тиіс. Екеуі қатар жүріп, бірін-бірі толықтырғанда ғана бала толыққанды тіл иесі, саналы ой иесі бола алады.

Сондықтан оқушының әліппелік кезеңде жазу мен оқуға дағдылануы – басты әрі алғашқы мақсат. Бірақ бұл кезең біржақты қалмауға тиіс.

Оқып, жазып үйрену үдерісіне қатарласа, баланың тілдік қарым-қатынасы да дами беруі керек. Әліппенің жанында сөйлеу мен тыңдауға негізделген, ойлау мен пікір білдіруге бағытталған пәннің жүруі баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. 

Дәл осы тұста қазіргі қазақ мектептеріндегі бастауыш оқыту жүйесіндегі бір олқылық айқын көрінеді. Әліппе мен Ана тілі пәндері оқу жылының екі жартысына жасанды түрде бөлініп, бірінің соңы екіншісінің басына тіркеліп отыр.

Яғни бірінші жарты жылдықта тек әліппе оқытылады, ал екінші жарты жылдықта ана тіліне кезек беріледі. Бұл – бала тілінің табиғи дамуына қарсы әрекет. Себебі ана тілі мен әліппе – мазмұны мен мақсаты жағынан бірін-бірі жалғастыратын пәндер емес, оқыту функциясы мүлде бөлек екі бағыт. 

Әліппенің міндеті – оқушыны жазуға және оқуға дағдыландыру, әріп пен дыбыс арасындағы байланысты түсіндіру, дыбыстық талдау жасауға үйрету. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да әліппенің ең басты мақсаты – «жазуға үйрету және жазылған сөзді оқуға үйрету» екенін баса айтқан.

Бұл – сауат ашудың техникалық сатысы. Ал осы дағдыларды әрі қарай жүйелеп, жазу мен оқуды нақты тілдік нормалар арқылы жетілдіріп отыратын пән – қазақ тілі пәні.

Бірінші тоқсанда әлі оқи алмайтын бала сабақты әліппемен қатар, тыңдалым, айтылым әрекеттері арқылы жүргізіп отыруы керек. Ана тілінің мақсаты – оқушының табиғи сөйлеу дағдысын жетілдіру арқылы дүниетанымын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре бастау.

Яғни әліппе баланы оқу мен жазуға дағдыландырса, ана тілі оның сөйлеу дағдыларын әрі қарай жетілдіріп, шыңдай түседі. Мақсаты бөлек екі пән жыл басынан бастап, жыл бойы бөлек-бөлек оқытылуы керек. 
Әліппені бітіріп, ана тіліне кешігіп кірген бала – білім бәйгесіне соңынан қосылған жүйріктей.

Әзірлеген Бағдат Сұлтанқызы.

Дереккөз: "Ана тілі".

Барлық жаңалықтар